Образование

Қазір мықты мұғалімдердің өздері мектептен кеткісі келмейді – Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім саласындағы реформалар нәтижесі жайлы айтты. Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң, журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен біз мұғалімдердің жалақысын өсірдік. Енді қазір ешкім жалақы өскен жоқ я аз өсті деп айта алмайды. Шын мәнінде қазір мұғалімдердің жалақысы қазір жақсы деңгейде. ҰБТ-да ең көп – 140, ең аз балл – 50. Педагог мамандығын кім таңдады, 55 балл алған, басқа мамандыққа бара алмаймын, олар қиын дегендер педагог мамандығын таңдады. Мектепте жаман оқығандардың бәрі педагогиканы таңдаса, ертең қандай маман шығады? Солай ғой? 2019 жылы осы заңды қабылдағанда бәрі күлді, сенбеді. 2020 жылы орташа балл 90 балға жеттік. 2022 жылы 100 баллға жеткіздік. Биыл кей мамандыққа грантқа 122 балмен түсе алмағандар болды. Бұл балалар, тіпті, бөлек. Көздері жанып тұр. Олар «иә, мен мұғалім боламын» деп жоғары баллмен таңдады. Реформаның жемісі осы. 15-20 жылдан кейін ол өз нәтижесін береді. Қазір мықты мұғалімдердің өздері мектептен кеткісі келмейді», — деді депутат.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы педагогтардың жалақысын арттыруды тапсырды. Тапсырманы орындау аясында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мектеп мұғалімдерінің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсті. Осылайша, бүгінгі таңда мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.

«Тағы бір сын: 86 университет бар бізде, мұғалімдерді дайындайтын. Біз кезінде оның 36-сының лицензиясын тартып алдық. Неге? Өйткені, сол мұғалімдерге тек диплом жеткіліксіз, мектепте сабақ беру үшін қосымша сертификат талап еттік. Яғни, тестті тапсыра алған адам мұғалім бола алады. Сол жылы университет бітірген мамандардың 90 пайызы тесттен өте алмаған. Шын мәнінде өз пәнін білетіндер ғана мұғалім бола алады. Әрине, ол ұнамайтын норма. Бірақ нақты жемісін енді көре бастадық. Мектепке келген жас мамандар, тіпті, бөлек. Олар балалармен жұмыс істегісі келеді», — деді депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов.

Другие новости

Back to top button