Госорганы

Қазақстаннан мал ұрлап, Қырғызстанға сату көбейген — депутат

Елімізде Қырғызстанға мал басын заңсыз шығару жиілеген. Осылайша елде ет тапшылығы байқалып, өнімнің құны қымбаттап барады. Бұл туралы депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова Мәжіліс отырысында айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Заңдағы белгіленген шектеулерге қарамастан, малдың заңсыз шығарылу фактілері аз емес. Мысалы, былтыр 12 қыркүйекте Қырғызстан шекарасында 308 бас ірі қара малды заңсыз шығарған азамат Қордай ауданында ұсталған. Осындай оқиғалар басқа жерлерде де кездеседі. Мұндай жағдайлар көлеңкелі экономиканың барын және шекарадағы бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындардың мәліметі бойынша, қасапханаларда малды, оның ішінде ірі қара малды, ұсақ малды, төлдейтін қойларды, сондай-ақ жас малдар мен асыл тұқымды малдарды да сою көбейгені байқалады», — деді депутат.

Гүлдара Нұрымова атағандай, мал басының азаюы ішкі нарықта ет тапшылығын туындатып, құны жасанды түрде көтеріліп, халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етіп отыр. Осылай жалғаса берер болса, елдегі ет өнімдерінің қолжетімділігі төмендеп, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін. Ал отандық ет өңдеу кәсіпорындары шикізат тапшылығына тап болады.

«Елдегі мал басын сақтап қалу және оның тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тағы бір мәселе, шекаралас аудандарда, соның ішінде Қырғызстанмен шекаралас Тұрар Рысқұлов ауданында ұрлаған малды көрші елге айдап әкету жағдайлары жиі кездеседі. Ұры ұсталған кезде тергеу іс-шаралары мен сот процестері аяқталғанға дейін ұрланған мал аудан әкімдігінің қарауында болады және малды ұстау үшін қомақты қаржы жұмсалады. Бұл аудан бюджетіне артық қиындық пен шығын әкелетіні белгілі», — деді депутат.

Гүлдара Нұрымова ішкі нарықтағы ет бағасын тұрақтандыру бойынша реттеу шараларын қабылдауды, мал басын сақтап қалу және оның өсуін қамтамасыз ететін ынталандыру тетіктерін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, ол  ұрланған малды аудан әкімдіктің балансынан – ауыл шаруашылығы басқармасына немесе ветеринариялық қызметке немесе тағы басқа тиісті органдарға беруді, болмаса қаржыландыру мәселесін шешуді қарастыру керек екенін айтты.

Другие новости

Back to top button