Выбор редакцииГосорганы

Қазақстандық аналарға зейнетке ерте шығу құқығын беру қажет – депутат

Мәжіліс депутаты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жауап берді

Әйелдердің зейнеткерлік жасын әрбір баласы үшін екі жылға қысқартуды ұсынған Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Ол өз ұсынысының үлкен қолдауға ие болғанын айта келе, қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің кірісі төмен әйелдер үшін сәтсіз жоба екенін мәлімдеді.

Бұған дейін «Егер жинақтаушы қорда қаражаты және жұмыс өтілі болмаса, онда зейнетақысы да өте аз болады» деп мәлімдеген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова басты проблема қанша жинақтың жиналғанында екенін айтқан болатын.

Бүгінде Қазақстанда мынадай үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қолданылады:

  • бюджеттен төленетін базалық зейнетақы;
  • бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақы;
  • БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы.

Әрбір қазақстандыққа базалық зейнетақыға кепілдік беріледі. 2023 жылға арналған базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 24 341 теңгені құрайды.

«1998 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлер қосымша ынтымақты зейнетақыны алатынын, ал ынтымақты зейнетақының ең төмен мөлшері – 53 076 теңге. Соның нәтижесінде, 2023 жылы зейнетақының ең төмен мөлшері (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгені құрайды. Жинақтаушы зейнетақыға келетін болсақ, бұл реформа сәтсіз болып шықты.

БЖЗҚ салымшыларының 61%-ында 1 млн теңгеге дейінгі жинақтары бар. Қазақстандықтардың басым көбінде БЖЗҚ-да жеткілікті жинақтары жоқ әрі болмайды да, өйткені, олардың жалақысы мен кірісі төмен. Бұған қоса, олардың онсыз да аз жинақтары БЖЗҚ-да құнсызданады. Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірістілігі ағымдағы инфляция 20% болған кезде 5,91%-ды құрады», — деп жазды Аманжан Жамалов.

Осылай деген Мәжіліс депутаты БЖЗҚ сайтында орналастырылған зейнетақы калькуляторы бойынша шағын есеп-қисап жүргізіп көргенін айтады.

«Мәселен, ең төмен жалақы 70 000 теңге болса, 63 жастағы әйелдің зейнетақысы небәрі 77 мың теңгені құрайды. Оның ішінде жинақтаушы зейнетақы – небәрі 28 мың теңге, яғни 35%. Ал егер ол 57 жасында зейнетке шықса, онда оның зейнетақысы 67 мың теңгеге дейін азаяды, яғни 5 жылдағы еңбек айырмасы небәрі 10 мың теңгені ғана құрайды.

Әрине, бұл шартты есеп-қисап. Бірақ одан зейнетақы мөлшерінде, әсіресе, кірісі төмен әйелдер үшін едәуір айырмашылық (57 мен 63 жас арасында) болмайтынын көруге болады. Бұл ретте, негізінен, 50 жастан 60 жасқа дейінгі әйелдердің тұрақты жұмысы жоқ екенін және ешқандай зейнетақы жарналарын жасамайтынын түсіну маңызды», — деді спикер.

Еңбек министрлігінің деректері бойынша бүгінгі таңда аталған жас аралығындағы әйелдер саны 325 мың әйелді құрайды.

«Олардың жинақтары жоқ әрі болатыны да екіталай. Олар тек қана мемлекетке – бюджеттен төленетін базалық және ынтымақты зейнетақыға үміт артады. Қазақстандық әйелдерге, әсіресе, аналарға зейнетке ерте шығу құқығын беру қажет. Әрі олардың әрқайсысы мұндай құқықты пайдаланатынын немесе пайдаланбайтынын өздері шешеді. Көптеген әйелдер үшін зейнетке ерте шығу – өз денсаулығы мен өмірінің жылдарын сақтап қалудың бірден-бір мүмкіндігі», — деді А. Жамалов.

Другие новости

Back to top button