Қазақстанда халықтың банктерге жалпы қарызы 20 трлн теңгеден асып кетті
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда азаматтарға және бизнес өкілдеріне берілген несиелер жөнінде есепті жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАНКТЕРДІҢ ЭКОНОМИКА БЕРГЕН НЕСИЕСІ
Ресми ақпаратқа сүйенсек, екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2024 жылғы қарашада 3,1%-ға 32,9 трлн теңгеге дейін ұлғайған. 2024 жылдың басынан бері 17,9%-ға өскен. Экономикаға берілген кредиттер құрылымында 2024 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша ұлттық валютадағы кредиттер 3,0%-ға 30,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды, валюталық кредиттер 4,9%-ға 2,9 трлн теңгеге дейін өскен.
БИЗНЕСКЕ ҚАРЫЗ
Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы қарашада негізінен негізгі қорларды сатып алуға берілген қарыздардың 5,0%-ға 4,7 трлн теңгеге дейін және инвестициялардың 2,4%-ға 3,3 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 4,0%-ға 12,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
Ірі бизнеске берілген кредиттер 2024 жылғы қарашада 3,4%-ға 4,2 трлн теңгеге дейін артқан (2024 жылдың басынан бері 6,2%-ға өсу). Шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген қарыздар негізінен айналым қаражатын толықтыруға автомобильдер өндіру секторындағы шағын кәсіпорындарға кредит беру есебінен бір айда 4,6%-ға 6,2 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Дара кәсіпкерлерге берілетін кредиттер 2024 жылғы қарашада 3,4%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін өсті (2024 жылдың басынан бері 42,4%-ға өсу).
2024 жылғы қарашада бизнес субъектілеріне 1,9 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді. Бұл 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда 28,8%-ға артық. Бұл ретте 2024 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 16,1 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға артық.
ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН НЕСИЕ
Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы қарашада 2,6%-ға ұлғайып, 20,3 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың басынан бері 21,8%-ға өскен. Банктердің бөлшек портфелінің құрылымында тұтынушылық қарыздар 3,0%-ға 13,5 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
ИПОТЕКА
2024 жылы қарашаның қорытындысы бойынша банктердің ипотекалық портфелі 1,8%-ға 6,0 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте 2024 жылдың 11 айында жаңа ипотекалық қарыздар беру шамамен 1,8 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 23,3%-ға артық.
Жаңа ипотекалық кредиттерді беру құрылымында нарықтық кредит берудің оң серпіні жалғасып жатыр. Жыл басынан бастап нарықтық талаптармен 617,8 млрд теңгеге ипотекалық кредиттер берілді, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,3%-ға артық.
БАНКТЕР
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 12 банк шетелдің қатысуымен қаржы институты болса, оның ішінде 9-ы еншілес банк.