Социум

Қазақстанда адам саудасы үшін сотталғандардың басым көбі – әйелдер

Қазақстан қазіргі жаһандық құлдық индексінде 189 елдің арасында 86-орында тұр

Орталық Азия елдері мен Ресей бүгінде әлемдегі ең ірі және аса маңызды еңбек миграциясы дәліздерінің бірі болып отыр. БҰҰ-ның 2022 жылға арналған мәліметі бойынша Ресейде Орталық Азиядан барған 4 миллионға жуық жұмысшы ресми түрде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Finprom.kz зерттеуінше, бұрын Ресейге транзиттік ел болып келген Қазақстан да 2000-жылдардың басында экономикасы жақсара бастаған уақыттан бастап көші-қон үдерістерінің белсенді қатысушысы саналады. Еліміз қазір еңбек мигранттарының негізгі бөлігін құрайтын Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтарын жұмысқа тарта бастады.

Соған қарамастан, заңсыз көші-қон, сондай-ақ еліміздің көші-қон заңнамасын бұзу фактілері әлі де бар. Миграцияның көп байқала бермейтін ең басты проблемасының бірі — адам саудасының болғаны және бола беретіні.

Адам саудасының құрбаны болған мигранттар құрылыс пен ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Олар көп жағдайда жоғары табыс туралы уәделерге алданып қалады. Шындығында, олар көбінесе жағдайдың тұтқыны болып, мәжбүрлі жұмыстарға жегіледі.

«Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын «адам саудасы» санаты бойынша 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркеледі. 2019-2022 жылдар аралығында 131 адам жыныстық қанаудың құрбаны болған», — дейді мамандар.

Бұл ретте сотқа түсетін істердің саны айтарлықтай аз. Адам саудасы ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам саудасы» және «Кәмелетке толмағандарды саудалау» баптарымен тергеледі. Соңғы жеті жылда осы баптар бойынша сотталғандардың ең көп саны 2016 жылы небәрі 30 адам болып тіркелген.

«Кейіннен, 2021 жылға қарай осы баптармен сотталғандар саны 14 адамға дейін азайған. Әдетте, бұл баптармен сотталғандардың басым бөлігі әйелдер болып шығады», — едйді сарапшылар.

Қазақстандағы адам саудасының ресми статистикасы халықаралық есептерден айтарлықтай ерекшеленеді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің жақында ұсынған есебінде (Адам саудасы туралы есеп) үкіметтің мәжбүрлі еңбек құрбандарын қорғау үшін екіжақты күш-жігер жұмсап жатқаны айтылған. Осылайша, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі адам саудасының 20 құрбанын анықтады, ал 2020 жылы 88 және 2019 жылы 40 құрбан анықталған.

Алайда статистика тек анықталған жағдайларды қамтиды және олар адам саудасының нақты санын қамти алмайды деуге негіз бар.

«Мысалы, Walk Free қорының 2018 жылғы (бұл соңғы толық есеп; келесісі 2022 жылдың соңында жарияланады) мәліметтері бойынша Қазақстан қазіргі жаһандық құлдық индексінде 189 елдің арасында 86-орында тұр. Бір қарағанда, бұл аса нашар көрсеткіш болып көрінгенімен, адам шошырлық сан екені рас. Шын мәнінде, қордың мәліметі бойынша, 2018 жылы Қазақстанда құлдықта 75 мың адам болған», — делінген зерттеуде.

Қазіргі құлдыққа адам саудасынан бөлек, мәжбүрлі еңбек, еріксіз некеге тұру, құлдық және құлдыққа ұқсас тәжірибелер де кіретінін нақтылау маңызды.

Дүниежүзінде әрбір 10 000 адамға қазіргі заманғы құлдықтың 54 құрбаны келеді. Аймақтық тұрғыдан алғанда адам құлдығы Африкада айрықша тарап отыр: әр 10 мың адамға 76 құрбаннан келеді. Одан кейін Азия-Тынық мұхиты аймағы (61 құрбан), сондай-ақ Еуропа мен Орталық Азия (39 құрбан) тұр. Ал Қазақстандағы құлдықтың таралуына келсек, әр 10 мың адамға шаққанда 42 құрбаннан келеді.

 

Другие новости

Back to top button