Социум

Қазақстанда 19 министрдің екеуі қазақша білмейді

Министрлердің 12-і ағылшын тілін біледі

Қазір Қазақстанда 19 министрлік бар. Ranking.kz компаниясы зерттеу жүргізіп, еліміздегі министрлердің тілді меңгеру деңгейі бойынша рейтингін жасап шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Елімізде ең көп тіл меңгерген министрлер тізімін Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат бастап тұр. Ол жеті тілде – қазақ, орыс, ағылшын, итальян, түрік, жапон және латын тілдерінде сөйлей алады», — делінген зерттеуде.

Екінші орынды Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров иеленді. Олардың әрқайсы бес тілден меңгерген екен.

Сондай-ақ үздік үштіктің қатарында ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Дархан Қыдырәлі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тұр. Олардың әрқайсы төрт тілде меңгерген.

«Айта кетерлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова төрт тілді меңгергенімен, олардың арасында қазақ тілі жоқ болып шықты. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де мемлекеттік тілді білмейді», — дейді сарапшылар.

Қазақстандық 19 министрдің 12-і ағылшын тілін білетініні белгілі болды. Жалпы алғанда, Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі өте төмен. Мысалы, EF EPI 2021 рейтингінде Қазақстан тізімнің соңына таман: әлемдегі 112 елдің ішінде 96-орында тұр. Қазақстан Республикасы ағылшын тілін өте төмен деңгейде меңгерген елдер қатарына жатқызылып, индексі 426-ы құрады.

ТМД елдерінің ішінде ағылшын тілін орташа деңгейде меңгерген елдерге Молдова, Беларусь, Украина және Ресей, ал деңгейі төмен елдерге Армения мен Әзербайжан жатқызылды. ТМД-ның өзге елдері ағылшын тілін меңгерудің өте төмен деңгейін көрсетті, олардың ішінде Өзбекстан Қазақстаннан сәл жоғары, ал Қырғызстан мен Тәжікстан төмен көрсеткішке ие.

Рейтингті Еуропа елдері – Нидерланды, Австрия және Дания бастап тұр. Ағылшын тілін игеру көрсеткішінің ең соңғы жағында Йемен елі тұр.

 

Другие новости

Back to top button