Социум

Қаралы қауым Алматы облысында қаза тапқан сарбазды ақтық сапарға шығарып салды

19 жастағы Алмас Шахимов қатарластарын қауіпсіз жерге апарып үлгергенімен, басына шатырдың темір жақтауы тиіп, алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Ол үш адамды құтқарып үлгерген еді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Марқұмның денесі бүгін туған жері Көкшетауға жеткізілді. Алмас Шахимов 2003 жылы туған, Көкшетаудан. Үйінің тұңғышы. Артында әке-шешесі мен екі қарындасы қалды. Әскери заңға сәйкес, отбасына бір жарым миллион теңгедей көмек көрсетіледі. Бүгін мәйіт әскери ұшақпен туған жеріне жеткізілді. Жанқияр ерлігі үшін Шахимов мемлекеттік наградаға ұсынылды, делінген КТК телеарнасының сюжетінде.

9-тамыз. Сағат 20:55 шамасы. Аяқасты басталған құмды дауыл ешкімді тырп еткізбей тастады. Жас сарбаздар қапелімде қайтерін білмеген. Қол созым жерден әрі көз байлайтын құмды дауыл. Бірақ қатардағы жауынгер Алмас Шахимов орнында отыра алмады. Көкшетауда құтқарушы мамандығын колледжде меңгерген жас сарбаз басын қатерге тіксе де, ойланбастан өзгелерді құтқаруға жүгірген.

— Біз мына жерден, КП палаткасы тұрған, сол жаққа қаштық. Сол жақтан Шахимов келіп бізді шығарды.

Қатардағы жауынгер Мақсұт Бастами – Шахимов құтқарып қалған үш сарбаздың бірі. Жетектеп қауіпсіз жерге жеткізген. Алайда кешірек одан көз жазып қалады. Тек дауыл басылғанда оның мәйітін тапты.

Бір 10 минуттан өткеннен кейін кішкене ашық көріне бастады да, сол кезде Алмасты іздеуге шығып кеттім. Он метр жүргеннен кейін алдымда әскердің денесі жатты. Етпетімен жатыр екен, бетін аударып қарасам – Алмас. Демі бар, есінен танып қалған екен.Қатардағы жауынгер Ақылбек Аманов

Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, Қонаев қаласындағы ауруханаға жедел жеткізгенмен, алған жарақаттан Алмас Шахимов тілге келмей бақилық болды. Басына шатырдың темір жақтауы тиген.

Тергеу іс-шарасы жүріп жатқандықтан, әскерилер мұнда жақындап аяқ басқызбайды. Әрі өткізбесе де, табиғаттың тосын мінезі қалдырған қолтаңба тайға таңба басқандай көзге ұрып-ақ тұр.

Желдің қатты ұйытқығаны соншалық, секундына 40 метр жылдамдықпен соққан көрінеді. Соның салдарын бір ғана мысалмен көрсетсек, дәл осы жерде тұрған 15-20 адам көтеретін алып шатырды қаңбақтай 100 метр қашықтыққа дейін ұшырып жіберген.

Дауыл кезінде бас-аяғы 15 сарбаз жеңіл жарақат алған. Олардың бәрі 8-13 тамыз аралығында өтетін далалық жаттығуға жиналғандар. Қазір оқу орталығында жаттығу тоқтап тұр. Ал болған жағдайға қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Бәрін жан жақты тексереміз. Бұл жерде жауапқа тартылу дейсіз, өзіміздің әскери жарғыға сәйкес әртүрлі жазалар бар. Соларға жүгіне отырып, қызметтік тексеріс жүргіземіз. Қорытындысын заң жүзінде айтамыз.ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшының бірінші орынбасары Бекайдар Қазкеев

 

Другие новости

Back to top button