Қарағанды облысында жантүршігерлік жол апатынан бүтін бір отбасы қаза тапты
Тек бір бала аман қалды, ол қазір ауруханада жатыр
Бүгін, 09:35
Қарағанды облысында жол-көлік апатынан бүтін бір отбасы мүшелері: ерлі-зайыптылар мен олардың үш баласы қаза тапты. Тек бір бала аман қалды, ол қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменті мәлім еткендей, қайғылы оқиға 26 тамызда сағат 23:00 шамасында Балқаш-Приозерск тасжолында болған.
«Гүлшат ауылынан 23 шақырым қашықта Приозерск бағытында 35 жастағы Opel Vectra автокөлігінің жүргізушісі ескерту белгілеріне қарамастан, қайта жөндеуден өткен жабық жолға шығып кетіп, 25 жастағы жүргізуші тізгіндеген HOWO көлігімен бетпе-бет соқтығысқан», — деп атап өтті Қарағанды облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зарубаев.
Жол апаты салдарынан жүргізуші мен оның 30 жастағы әйелі, олардың кәмелетке толмаған үш баласы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір баласы ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.