Қаңтар оқиғасы. Қосай Маханбаев бостандыққа шықты
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда «президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады» деген айыппен сотталған Қосай Маханбаев бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БОСТАНДЫҚ
Оның адвокаты Төлеген Берліқожаның Азаттыққа айтуынша, Маханбаев 16 қазан кешке Алматы қаласындағы №72 мекемеден шыққан.
Маханбаев Қаңтар [оқиғасы] кезінде ұсталды. Сол кезде отырған бір күні екі күнге есептелді. Одан кейін үйқамақта отырды. Соның бәрі есепке алынды. Бірінші сатыдағы сот Маханбаевқа 1 жыл 9 ай жаза берген. Ал екінші сатыдағы сот бір айға азайтып, 1 жыл 8 ай берді. Маханбаев кеше босап шығып, үйіне барды. Қазір отбасымен бірге, – деді адвокат Төлеген Берліқожа.
МАХАНБАЕВ КІМ
Қосай Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Оны Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау ісі бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болды.
2023 жылы Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған белсенді Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, куәлік алған еді. Алайда бірнеше күннен кейін прокуратурадан арыз түсіп, Алматының сайлау комиссиясы әуелгі шешімнің күшін жойған. Аумақтық сайлау комиссиясы мұны «тергеуге қысым жасаудан сақтану» деп түсіндірген.