Путин қазағы қалың үш облысқа орыс мектептері салынатынын тағы еске салды
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекетттік сапары қарсаңында елдегі басылымдардың біріне мақала жариялап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың түрлі қырына тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Путин елдердің білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін көп жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
РЕСЕЙЛІК ЖОО ФИЛИАЛЫ
Оның сөзінше, Ресейдің жоғары оқу орындарында шамамен 60 мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік университеті (ММУ) сияқты жетекші ресейлік университеттердің филиалдары табысты жұмыс істейді. Жақын арада Астанада Ресейдің Сыртқы істер министрлігі жанындағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) филиалы ашылады.
ОРЫС ТІЛІНДЕГІ ҮШ МЕКТЕП
“Ресей Қазақстанда орыс тіліндегі жаңа мектептерді салуға және мектептердегі орыс тіліндегі білім беру сапасын арттыруға қолдау көрсетуде. Жақында Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында тағы үш мектептің ашылады деп отырмыз. Сондай-ақ, біз Қазақстан Республикасының басшылығына, оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлына орыс тіліне деген ерекше құрметі мен Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы маңызды бастамасы үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл ұйымның қызметі орыс тілін мемлекетаралық және ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретінде дамытуға ықпал ететін болады” деді ол “Казахстанская правда” газетіне жариялаған мақаласында.
“80 ЖЫЛДЫҚ”
Сондай-ақ Путин келесі жылы қос ел “Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтетініне” ерекше тоқталды.
“9 мамырда Мәскеуде өтетін мерейтойлық іс-шараларға Президент Тоқаев пен басқа да қазақстандық достарымызды күтеміз. Ресейде де, Қазақстанда да әкелеріміз бен аталарымыздың фашизмге қарсы иық тіресе күрескен ерліктері қасиетті саналып, құрметтеледі. Болашақ ұрпақ та осы бейбітшілік пен еркіндіктің қандай бағаға қол жеткізілгенін ұмытпау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек” деді Путин.
Оның сөзінше, мұндай ынтымақтастық қазір әділ әрі көпполярлы әлемдік тәртіптің қалыптасуы барысында ерекше маңызға ие.
ПУТИННІҢ САПАРЫ
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
Сапар барысында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді, сондай-ақ мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумының бейнеконференциясына қатысады.
28 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтеді, онда қатысушы елдердің делегациялары өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылайды. Отырыс қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжаттар қабылданады.