Социум

«Парламенттегілер өзекті мәселелермен айналыссын»: Депутат Назаровтың ЛГБТ-насихатына қатысты сауалы қоғамның сынына қалды

Ардақ Назаровтың ЛГБТ пропагандасына қатысты сауалы қоғамның қызу талқысына түсті. Бірі қолдаса, бір тарап бұдан да маңызды мәселелер бар екенін айтып жатыр деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап.

 

Депутат Ардақ Назаров премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Алтай Көлгіновке қайырылып, ЛГБТ насихатына тыйым салуды сұраған. Ол жеке мектептерде енгізілген жаман тақырыпқа қарсы шықты.

Оның айтуынша, ЛГБТ кесірінен ұлт ретінде жойылу қаупі бар. Ол жеке мектептердегі гей-пропаганда мен сондай элементтері бар киноларды алып тастауды талап етті.

Мұны Қазыбек Иса, Ринат Зайытов, Самат Нұртаза сынды саясаткерлер де қолдады.

“Назаровтың ұсынысын 80% қолдаймын. Қоғамның аз бөлігі сондай болуы заңдылық. Біз оларды жойып, қанап, құқықтарын бұзу деген идеяны қолдамаймыз. Тек санасы қалыптаспаған жастарға соны дәріптеуге қарсымыз”, – деді Самат Нұртаза.

Ардақ Назаров сауалында қызтеке, еркекшоралар туралы атап өтті.

Өмір салты өзгеше, стилі бөлек жігіттер бұған өз пікірлерін білдірді. Визажист Данияр Маймақов шашын бояп, ернін жасатса да, ешкімге зияны жоқ екенін айтады. Ол өзгелерге насихат жүргізбейтінін түсіндірді.

«Әркімнің өз басы бар. Мен боянды екен деп басқа жігіттер боянып кетпес. Мен де қарапайым ер баламын. Контентім адамдарға ұнайды. Меніңше, оған қанша тыйым салғанымен, одан ештеңе шықпайды. Интернетте неше түрлісі толып тұр. Көрем деген адам жолын табады», – деді Данияр Маймақов.

Блогер Ержан Өмірбай шашы ұзын етіп өсіргені ЛГБТ өкілі екенін білдірмейтінін айтты.

“Қызтеке емеспін, мен өнер адамымын. Қызға еліктеу ойымда жоқ. Жай ерекше стильде өзімді жақсы сезінемін. Депутат айтқан өкілдері қауіпті болса, одан да қауіпті жандар арамызда толып жүр. Педофилдер, әйелін ұратын еркектер қоғамда жүр. Жемқорлар өте көп. Парламентте отырған депутаттар қауымы бұдан да өзекті мәселелермен айналысса, нұр үстіне нұр болушы еді», – деді блогер.

Другие новости

Back to top button