Алматинская область

«Өзімен бірге жеке куәлігі болған»: Алматы облысының тұрғыны 1,5 жыл бұрын қайтыс болған баласының денесін таппай жүр

Алматы облысының тұрғыны Светлана Еслямова қайтыс болған ұлының мүрдесін бір жарым жылдан бері таба алмай жүр. Ана Арманжанның мәйітінің жоғалуына Есік қаласындағы мәйітхана қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп топшалайды, деп хабарлайды  31 арнаның “Информбюро” бағдарламасы. 

Өйткені баласының өлі денесі мәйітханаға жеткізілгенімен, шығарылғаны туралы ақпар еш жерде жоқ екен. Тіпті оны жерлеу немесе басқа адамдарға беру туралы журналдарда да ешқандай жазба қалдырылмаған дейді. Арманжанның денесін іздеген ананың қақпаған есігі жоқ. Алматы мен Алматы облысынан әділдік іздеп таппаған соң, тіпті Астанаға барған.

Светлана Еслямова 1,5 жыл бұрын қайтыс болған баласының денесін таппай жүр. Алматы облысы Есік қаласының мәйітханасынан 1983 жылы туған ұлымның денесі жоғалып кетті дейді әйел. Оқиға 2021 жылы болған. Светлана Еслямованың айтуынша баласы Арманжан Мырзалімов «жаңа жылды достарыммен қарсы аламын» деп үйінен шығып кетіп, сол күйі қайта оралмаған. Балам бүгін-ертең келіп қалар деп үмітін үзбей жүрген анаға ұлының өлгені туралы қаралы хабар жетеді. Сот-медициналық сараптамасында марқұмның жүрегі тоқтап қалған деп көрсетілген екен.

Ең сорақысы, ұлының мүрдесін мәйітханадан алып кетуге барған Светлана Еслямова баласының денесін таппай қалған. Оның айтуынша Арманжанның сүйегі 11 қаңтар күні Еңбекшіқазақ ауданының мәйітханасына жеткізілген. Алайда, марқұмның денесінің мәйітханаға түскен уақыты бар да, мәйітханадан шыққан уақыты жоқ. Мәйіттің қайда кеткені әлі күнге дейін белгісіз.

“Баламды ешқандай полиция, ешқандай прокуратура, ешкім іздемей жатыр. Ешкім кінәлі емес. Қалай ол? Бұл бала паспортымен кірген. Ол бір белгісіз болса екен. Тіпті, тергеуші Қалиев бізге айтпаған ғой. Айтпаған. Киімдерін де беріңдер деп сұрадым. Киімдері де жоқ. Паспортын сұрасам, паспортын күйдіріп тастадық дейді”, – дейді марқұм Арманжан Мырзалімовтың анасы Светлана Еслямова.

Мәйітхана басшылығы Арманжанның денесінің қайда жоғалып кеткенін нақты айта алмады деп күйінеді анасы. Тек ұлымның суретін көрсетті дейді. Мәйітхана маңын торуылдаған ана әлі күнге дейін жұмбақ болып қалған сұрақтың жауабын ала алмай жүр. Ал, адвокат Қадыржан Молдашәріп болса не мәйітхана тарапы, не тиісті құзырлы органдар дұрыс жауап бермей бір-біріне сілтеп жүргенін айтады.

“Бұған дейін 6 ай бойы адвокат ретінде тиісті өтініш хаттар, арыз-шағымдар жазылды. Өкінішке орай оның бәрі орысша айтқанда отпискамен шеттетіліп кетті. Министрлікке жазсам ол төмен түсіреді. Басқаға жазсам ол төмен түсіреді. Барлығы бір-біріне сілтеп жүр. Осы орайда енді радикальный қадамға бет бұрдық”, – дейді адвокат Қадыржан Молдашәріп.

Әділдік іздеп амалы таусылған адвокат пен ананың бар үміті Астанадағы жауапты мамандарда. «Қайтсеқ Арманжанның денесін табамыз» деген екеу депутат Берік Дүйсенбиновтен көмек сұрап барды. Мәжіліс депутаты құзіретті органдарға хат жолдап, мәселені шешеміз деп отыр.

“Осы сұраққа тікелей жауап беретін органдарға қазір хат жолдаймыз. Бұл әділет министрлігі. Бұл Алматы облысының прокуратурасы. Алматы қаласының прокуратурасы. Бас прокурорға хат жолдаймыз қазір. Кімнің осы сұрақты шешуге мүмкіндігі болады. Мына сияқты азаматтарды жылатып қоюға болмайды ғой. Шешуге тырысамыз”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов.

Ал, адвокат Қадыржан Молдашәріп Алматы облысында бұл жағдайды Бас прокурор мен ішкі істер министрінен бастап Президентке дейін жеткіземіз дейді. Ол кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін бар күшін салмақ. Ал, қайғыдан қан жұтқан ананың бір ғана арманы бар. Ол «өзім тірі кезімде баламның сүйегін тапсам» екен дейді.

 

Другие новости

Back to top button