Әлемдегі әрбір бесінші ретейлер кибершабуыл салдарынан деректерінен айырылған

Ретейлердің басым бөлігі (87%) соңғы 12 ай ішінде кибержанжалдарға тап болған. Бұл — «Касперский зертханасы» осы салада жұмыс істейтін киберқауіпсіздік мамандары арасында жүргізген жаһандық сауалнаманың* нәтижесі. Зерттеудің мақсаты — осы саладағы ең өзекті киберқауіптерді анықтау.
Негізгі киберқауіптер. Ең көп таралған қауіп — фишинг. Онымен әрбір бесінші ритейл компаниясы (21%) бетпе-бет келген. Әлеуметтік инженерияға байланысты басқа да қауіптердің қатарында дипфейктерді пайдалану (13%), шоттар немесе төлемдерге қатысты алаяқтық (13%), корпоративтік электрондық поштаны бұзу (9%) және вишинг (8%) бар.
Кибершабуылдардың нақты салдары. Кибержанжалдардың нәтижесінде компаниялардың 28%-ында клиенттердің деректері ұрланған. 25%-ында қаржылық шығындар мен бизнес немесе операциялық үрдістерде іркілістер орын алған. Компаниялардың 19%-ы деректерінен қайтарымсыз айырылса, 16%-ында корпоративтік активтерге немесе жүйелерге орны толмас зиян келген.
Қандай қорғаныс шаралары енгізілуде? Ұйымдардың ең күрделі кибержанжалдардан кейін енгізген негізгі қорғаныс шараларының қатарында Zero Trust моделін енгізу бар. Бұл — қызметкерлерге, серіктестерге және мердігерлерге ең аз қажетті рұқсаттар беру қағидаты (31%). Сонымен қатар бұлтты ортадағы қауіпсіздік шараларын күшейту (30%) және киберқауіпсіздікті бақылауға арналған шешімдерді орнату (30%) кең таралған.
Бөлшек компанияларға жасалған кибершабуылдардың сәтті жүзеге асу қаупін арттыратын факторлар. Ең алдымен, бұл — ІТ және ақпараттық қауіпсіздік мамандарының біліктілік деңгейінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ киберқауіпсіздік мәселелері бойынша хабардарлықтың төмендігі. Респонденттердің 27%-ы осы мәселелерді негізгі фактор ретінде атаған. Адам факторынан бөлек, техникалық қиындықтар да маңызды рөл атқарады. Олардың қатарында ескірген бағдарламалық жасақтама немесе жабдықтар, сондай-ақ ІТ-инфрақұрылымды орталықтандырылған бақылаудың болмауы бар. Бұл факторлардың әрқайсысын респонденттердің 23%-ы атаған.
Қызметкерлер цифрлық қауіпсіздіктің қандай ережелерін жиі бұзады? Әрбір үшінші компанияда қызметкерлер жұмыс міндеттерін орындау және корпоративтік деректерді сақтау үшін жеке құрылғыларын пайдаланады (34%). Сондай-ақ әлсіз құпиясөздерді немесе бірнеше аккаунтқа бірдей құпиясөздерді қолдану жиі кездеседі (33%).
Киберқауіпсіздікке бөлінетін бюджет. Бөлшек компаниялардың басым бөлігі (82%) биыл ақпараттық қауіпсіздікке бөлінетін бюджетін ұлғайтқан. Басқа салалардағы компаниялар көбіне ішкі ІТ-командаларын кеңейтуді жоспарласа, ретейл саласында киберқауіпсіздік қызметтерін сыртқы жеткізушілерге жүгіну үрдісі артып келеді. Респонденттердің 41%-ы ІТ қауіпсіздігінің жекелеген функцияларын аутсорсингке беруге қаражат бөлінгенін айтты. Оның ішінде қызметкерлерді оқыту, MSSP және MDR қызметтері, сондай-ақ деректерді қорғау технологияларын енгізу бар.
«Киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір бөлігін аутсорсингке бере отырып, ретейлерлер сыртқы серіктеске бизнес-үрдістердің тұрақтылығын қамтамасыз етуді және кибержанжалдарға байланысты қаржылық тәуекелдерді басқаруды сеніп тапсырады. Сондықтан қызмет көрсетушінің тәжірибесі мен беделіне сенімді болу, сондай-ақ бақылаусыз қалған осал тұстарды жоюға мүмкіндік беретін тәулік бойы қорғанысты қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл әсіресе маусымдық жеңілдіктер мен мерекелер кезеңінде маңызды. Өйткені мұндай уақытта кез келген іркілістің құны жоғары болады, ал ішкі ресурстардың күшейтілген жүктемені еңсеруге жеткіліксіз болуы мүмкін», — дейді «Касперский зертханасының» қаржы секторы мен бөлшек саудаға арналған негізгі корпоративтік жобаларды сүйемелдеу жөніндегі менеджері Елизавета Комарова.
Ретейлдегі ЖИ. Жеке компаниялар ЖИ өз инфрақұрылымына барған сайын белсенді енгізіп келеді. Қазірдің өзінде олардың 12%-ында үлкен тілдік модельдерге (LLM) негізделген құрал бар. Ал компаниялардың 83%-ында мұндай технологияларды енгізу мәселесі талқыланып, жобаланып немесе пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатыр. Әрбір үшінші респондент жасанды интеллектпен байланысты ешқандай қауіп көрмейді. Бұл барлық салалар бойынша орташа көрсеткіштен (18%) айтарлықтай жоғары.
«Бөлшек сауда — жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге дәстүрлі түрде ең ашық салалардың бірі. Ритейлерлердің алдында бәсекелестеріне қарағанда бизнестің тиімділігін арттыра алатын технологияларды енгізуге тікелей экономикалық ынталандыру бар. Мысалы, банк секторымен салыстырғанда, бөлшек сауда саласында жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге қойылатын шектеулер аз. Компания инновациялық технологияларды неғұрлым белсенді пайдаланған сайын, олармен байланысты тәуекелдерді дұрыс басқарудың маңызы да арта түседі. Бұл әсіресе бүгінде жасанды интеллекттің кең таралуына байланысты айқын байқалады. Себебі елеулі киберинцидент деректердің таралуына, жұмыс үрдістерінің бұзылуына және қомақты қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. Сондықтан ұйымның киберқауіпсіздік жүйесі бизнестің даму қарқынымен қатар жетілуі тиіс», — деп толықтырды Елизавета Комарова.
* «Касперский зертханасының» ішкі зерттеу орталығы сауалнаманы 2026 жылғы наурызда жүргізді. Зерттеуге әлемнің 18 еліндегі штатында 100-ден астам қызметкері бар ретейл компаниялардың қызметкерлері қатысты.

