Социум

Артық салмақсыз семіру мүмкін бе?

Таразыда қалаған санды көріп тұрсақ та, артық май тіні туындатқан денсаулықтың барлық проблемаларын шеше алмауымыз мүмкін. Салмақ тым жоғары емес сияқты көрінгендіктен, проблеманы жылдар бойы байқамауымыз мүмкін. Алайда бұл кезде артық май ағзаға әсер етуін жалғастыра береді. Бүгінде дәрігерлер салмаққа ғана емес, сонымен қатар майдың қай жерде жиналып жатқанына, ағзада қандай өзгерістер болғанына және салмақ төмендегеннен кейін не болатынына назар аударады. Қазақстан үшін бұл тақырып өте өзекті, өйткені ересектердің жартысынан көбінде артық салмақ бар, деп атап өтеді Novo Nordisk баспасөз қызметі.

Осы жылдың наурыз айында ҚР Денсаулықмині келтірген STEPS 2024 зерттеуіне сәйкес, 18 жастан асқан халықтың 58%-ында дене салмағының артық индексі (ДСИ) бар, бұл ретте олардың 22,4%-ында клиникалық семіздік тіркелген. 2026 жылдың наурыз айында Астанада ДДҰ сарапшылары алғашқы медициналық көмекке артық салмақтың алдын алу мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге көмектесетін ұлттық «Жол картасы» бойынша жұмысты бастады.

Алайда проблема ресми статистикадан ауқымдырақ. Қазақстанда жыл сайын шамамен 6 мың ересек пен 3 мың балада семіздік анықталады. ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың тұжырымдамасында мемлекет 2025–2029 жылдарға 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздікпен сырқаттану деңгейін 100 мың адамға шаққанда 37,8 жағдай деңгейінде ұстап тұру жөніндегі нысаналы көрсеткішті белгіледі.

Бұрын семіздікті бағалау үшін негізінен бой мен салмаққа қарап есептелетін ДСИ пайдаланылған. Ол бастапқы бағалау үшін әлі де жарамды, бірақ бұл көрсеткіштің өзі жеткіліксіз: ДСИ ағзада май тінінің көлемі қандай екенін және қай жерде жиналып жатқанын көрсетпейді. 2026 жылы ADA метаталдаулардың біріне сәйкес, ДСИ тек 50% жағдайда артық май тінін анықтайтынын атап өтті. Тек ДСИ қолданылған кезде семіздік ер адамдардың шамамен 25%-ында және әйелдердің 48%-ында байқалмай қалуы да мүмкін. Сондықтан бүгінде дәрігерлер қосымша бел шеңберін және оның бойға арақатынасын бағалайды. Азиялық популяция үшін ADA неғұрлым төмен шектерді ұсынады: семіздік ДСИ 27,5 кг/м² болғанда анықталады. ДСИ 23 – 27,4 кг/м² аралығында болғанда мынадай басқа көрсеткіштер де ескеріледі: белдің бойға арақатынасы 0,5 және одан жоғары не бел шеңбері әйелдерде 80 см және ерлерде 90 см.

Бұл тәсіл маңызды, өйткені артық май тіндері салмақтың немесе сыртқы келбеттің өзгеруімен ғана байланысты емес. Семіздік 200-ден астам сан алуан аурулармен және асқынулармен, соның ішінде 2-ші типті диабетпен, жүрек-қан тамырлары ауруларымен, жоғары қан қысымымен, ұйқының бұзылуымен және буын ауруларымен байланысты. Онкологиялық аурулардың даму қаупіне ерекше назар аударылады: артық май тіндері обырдың кем дегенде 13 түрінің жоғары қаупімен байланысты, олардың арасында ішек, бауыр, ұйқы безі, бүйрек, эндометрия және етеккір үзілісінен кейінгі сүт безінің қатерлі ісігі бар. Әңгіме семіздік салдарынан тікелей «обыр жасушаларының пайда болуы» емес, осы аурулардың даму қаупінің артуы туралы болып отыр.

Сондықтан семіздікті таразыдағы белгілі бір салмақ көрсеткішіне жеткеннен кейін шешілетін проблема емес, ұзақ мерзімді бақылауды талап ететін созылмалы ауру ретінде қарастыру маңызды. «Пациенттің салмағын төмендету мүмкін болғаннан кейін де, май жасушаларының мөлшері азайғанымен, олар ағзада қалып қояды», — деп атап өтеді еліміздегі жетекші эндокринолог, Диабет, эндокриндік және метаболизмдік аурулар қауымдастығының президенті Айгүл Дурманова.

«Сондықтан адам тамақтануын бақылауда ұстап, дене жүктемесін үстеуі керек, егер гормондық бұзылулар болса, оларды емдеуді қадағалауы керек. Әйтпесе, артық салмақ қайта оралуы мүмкін», — деп қосты дәрігер. — Менің тәжірибемде пациенттердің шамамен 10%-ы арықтағаннан кейін қайтадан артық салмақ қосады немесе ол тіпті бұрынғыдан да жоғары болады. Бұл жүріс-тұрыс пен тамақтану жоспарын ұстануды доғаратын адамдарға қатысты. Мен бәріне асқазанның бұлшықетті мүше екенін түсіндіремін, адам арықтағанда, соның ішінде фармакологиялық ем қабылдағанда асқазанның көлемі кішірейеді. Сондықтан сол мөлшердегі, бірақ калориясы төмендетілген десерттік тәрелкеден тамақтану керек, сонда салмақ ауытқуы болса да, білінер-білінбес шамада болады».

Сондықтан 2026 жылғы EASO, EFAD және ECPO консенсусы салмақты бақылауды таразыда белгілі бір салмақ көрсеткішіне жеткеннен кейін аяқталатын уақытша курс емес, ұзақ мерзімді стратегия ретінде қарастырады.

Семіздікті емдеу мен бақылаудың заманауи тәсілі салмақтың өзгеруін ғана ескермейді. Диагноз қою арқылы дәрігер салмақтың қалай өзгергенін, неліктен артқанын, қандай емдеу әдістері қолданылып көргенін, адамның қалай тамақтанатынын, қанша қозғалатынын, қалай ұйықтайтынын, күйзелісті бастан өткерген-өткермегенін және қандай препараттарды қабылдағанын анықтайды. Сондай-ақ, дәрігер жалпы денсаулық жағдайын бағалайды және семіздікпен қатар жүретін диабет алдындағы күй және 2-ші типті диабет, жоғары қан қысымы, холестерин мен қандағы басқа майлар деңгейінің бұзылуы, жүрек-қан тамырлары аурулары және жүрек жеткіліксіздігі, психологиялық проблемалар және тамақтанудың тәртібінің бұзылуы сияқты ауруларды тексереді. Келесі консультациялық қабылдаулар кезінде дәрігер емнің қаншалықты көмектесіп жатқанын, ол қауіпсіз бе, жақсы өтіп жатыр ма және адам келісілген жоспарды сақтап жүр ме, осы жағдайларды бағалайды.

Салмақты ұзақ мерзімді бақылауға не кіреді

Емделудің негізі – тамақтану, физикалық белсенділік, ұйқы және әдеттермен жұмыс. Бірақ заманауи тәсіл — жай ғана «аз тамақтанып, көбірек қозғалу керек» деген кеңес емес. Тамақтану әдеттерді, тамақтану мәдениетін және денсаулық жағдайын ескере отырып, жеке таңдалады. Сондай-ақ, ағзаның ақуыз, дәрумендер мен минералдарды жеткілікті мөлшерде қабылдауы маңызды. Физикалық белсенділік біртіндеп арттырылады. 2026 жылғы консенсус отырып өткізетін уақытты қысқартуды, мүмкіндігінше аэробты жүктемені арттыруды және күш жаттығуларын қосуды ұсынады. Олар бұлшықет массасын және физикалық функцияны сақтауға көмектеседі.

«Қазақстанда семіздікті емдеудің өз ерекшеліктері бар. Қазақстандықтар етті, әсіресе қызыл етті көп тұтынатындықтан, несеп қышқылы көп жиналып, бұл құяңға әкелуі мүмкін, ал ол семіздікпен қатар жүреді», — деп түсіндірді Айгүл Дурманова.

«Бұл ретте адамдар жасұнықты аз тұтынады. Тамақтанудың оңтайлы жағы біздің ашымалы сүт өнімдерін тұтынатындығымызда. Семіздік кезінде ағзада D дәруменінің тапшылығы пайда болады, бұл сүйек жүйесіне кері әсерін тигізеді, яғни біз салмақ тастаған кезде май тінінен басқа сүйек тіндеріне де зиян келуі мүмкін. Сондықтан семіздікті емдеу кезінде ағзаның D дәрумені мен кальцийді жеткілікті мөлшерде қабылдауы өте маңызды», — деп атап өтті профессор.

Дәрілік терапия емдеудің бір бөлігін құрауы мүмкін, бірақ тамақтануды, физикалық белсенділікті және өмір салтының басқа өзгерістерін алмастырмайды. 2025 жылы ДДҰ ересектердегі семіздікті емдеудің ұзақ мерзімді нұсқаларының бірі ретінде GLP-1 тобының препараттарын ұсынды. Бұл ретте оларды қолдану тамақтанудың өзгеруімен, физикалық белсенділікпен және мінез-құлықты қолдаумен үйлестірілуге тиіс.

Емдеудің мақсаты таразыдағы төмен салмақ көрсеткішіне жету ғана емес. Ауру қаупінің төмендегенін, зат алмасу көрсеткештерінің, физикалық жай-күйдің және өмір сапасының жақсарғанын түсіну маңызды. Сондықтан емдеу кезінде дәрігер салмақ пен оның өзгеруін ғана емес, сонымен қатар бел шеңберін, артериялық қысымды, глюкоза мен липидтердің деңгейін, физикалық функцияны, дене құрамын, тамақтануды және психологиялық күйді қадағалауы мүмкін. Бұл дене салмағының төмендеуін ғана емес, уақыт өте келе оның саулығының қалай өзгеретінін бағалауға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін мұндай тәсіл аса маңызды. Денсаулық сақтау жүйесінің міндеті – семіздікке шалдыққан адамдардың санын анықтау ғана емес, сонымен қатар қауіптерді мүмкіндігінше ертерек байқап, адамның жағдайын дұрыс бағалау және оны ұзақ уақыт бақылауды қамтамасыз ету.

Кейінге қалдырмастан, дәл қазір мамандандырылған сайтта өз дене салмағыңыздың индексін анықтай алатындығыңызды айта кету керек. Сол жерде оның мәнін, яғни қандай көрсеткіште салмақ қалыпты, артық не семіздік бар деп саналатынын түсінуге болады. Бұған қоса, сайтта өз ДСИ-ін білу неліктен маңызды екені және онымен қандай шектеулер байланысты болатыны қысқаша және ұғынықты түрде түсіндіріледі.

Другие новости

Back to top button