Образование

Мұғалімдердің есеп беру жүктемесін азайту қажет — Премьер-Министр

Педагогтерді аттестациядан өткізу рәсімдерін жетілдіру керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Мемлекет басшысы азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы орайда Еңбек министрлігі мүгедектігі бар және оларға күтім жасайтын, сондай-ақ асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақылардың мөлшерін арттыруды және төлеуді қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшылар үшін арнайы төлемдер енгізу жөнінде шаралар қабылдау керек. Бұл орайда, отандық және халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделеу қажет», — деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Бұдан бөлек Үкімет басшысы педагогтерді аттестациядан өткізу рәсімдерін жетілдіру керек екенін айтты.

«Мұғалімдерді «қағазбастылықтан» босатып, есеп беру жүктемесін азайту қажет. Біз тәжірибелі кадрларды бағалап, мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуіміз керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, бұл жұмысқа экономиканың түрлі секторларынан бизнес өкілдерін тартуы керек», — деді Премьер-Министр.

Ә. Смайылов Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, дәрігерлерге қатысты қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жөніндегі шараларды сапалы пысықтауы қажет екенін айтты. Бұл өзгерістер дәрігердің жауапкершілігін төмендетуге емес, оны қорғауға бағытталуы тиіс.

Другие новости

Back to top button