Образование

Мектептердің жөндеу жұмыстары, сапасы мен мерзіміне байланысты көптеген сұрақ бар – министр

Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындығымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі  Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысымен таныстым. Құрылысы 2018 жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмаған мектепте болдым. Былтыр қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттарын реттеп, нысан басқа мердігерге берілген болатын. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Ұлы Дала мен №39 көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп биылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, — деп жазды министр.

Сондай-ақ министр International School of Nur-Sultan жекеменшік мектебінің құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік мектептер де белсенді түрде салынып жатыр. Оларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру есебінен оқушы саны толып жатқан мектептерді азайтамыз, — деп жазды ол.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов басқа мектептердің де жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.

№71 мектеп-лицейінде болдым. Білім ордасы оқушыларды қабылдауға дайын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген, инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Сыныптарды, асхананы, кітапхананы, спорт залын, жуынатын бөлмелерді аралағанда ондағы әріптестеріммен әңгімелестім. Әсіресе, мектеп кітапханашысының өз ісіне сүйіспеншілігі мен адалдығы ерекше әсер қалдырды. Оқушылар кітапханашылардың еңбегін бағалап, оларды оқыған кітаптарының санымен қуантады деп үміттенемін, — деп жазды Аймағамбетов.

Министр Мектепке дайындалып жатқан болашақ 1-сынып оқушыларымен де әңгімелесті.

Әріптес педагогтер де оқу жылына қызу дайындық үстінде. Мектепке дайындалып жатқан болашақ 1-сынып оқушыларымен де әңгімелестім. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мектептерді салуды және жөндеу жұмыстарын жүргізуді әкімдіктер жүзеге асырады. Мектептердің жөндеу жұмыстары, құрылыс сапасы мен мерзіміне байланысты көптеген сұрақ бар. Сапаны қамтамасыз ету бөлімшелерінің өкілдері құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді және тексеріс елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр. Әкімдіктерге шара қабылдау үшін ескертулер жолданды, — деді министр.

Другие новости

Back to top button