«Мектепте хиджаб мәселесі жоқ»: министр даулы тақырыпқа қатысты пікірін айтты
Қоғамда талай мәрте пікірталас тудырған «мектептегі хиджаб» мәселесіне қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігінің «Бәрі ашық» жобасында айтты.
Министр мектептердің бекітілген ережесі мен ұстанымы бар екенін алға тартты. Сондай-ақ даулы мәселеге мұғалімдерді араластырмауға шақырды.
«Мектепте хиджаб мәселесі жоқ. Бірақ қоғам солай деп қабылдағысы келеді. Мектептің мақсаты не? Педагогтердің съезінде Президент нақты атап көрсетті «Мектеп бұл – біздің балаларымызға сапалы білім мен саналы тәрбие беретін орта». Яғни мектептің өзінің ережесі, өзінің арнайы тәртібі бар. Ол заңмен белгіленген. Мектепті белгілі бір ойындардың алаңына айналдырмау керек. Мектептің мұғалімдерін алаңдатпау керек. Олардың назары балаға сапалы білім беруге бағытталуы тиіс. Онсыз да иығында үлкен жүгі бар ұстазға келеміз де, тағы бір проблеманы ілеміз. Егер біз білім саласын сілкілей беретін болсақ, білімнің дамуына қандай көмек береміз? Қоғам мектепті бұл тақырыпқа жолатпауы керек. Қоғам өзі түсініп, бұдан бас тартуы керек. Мектеп бұл білімнің қасиетті алаңы», — деді ол.