Образование

Мектепке дайындық: 400 мыңнан астам оқушыға берілетін көмек көлемі ұлғаюы мүмкін

Енді көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек

Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Министрлік мәліметінше, халықтың әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам бала мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болады.

Бұған дейін бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, биыл Оқу-ағарту министрлігінің өтініші бойынша өзгерістер енгізілді. Енді көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киімін, кеңсе тауарларын және т.б. өз бетінше таңдай алуы үшін беріледі. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және тауардың көлеміне, сапасына және т.б. байланысты мәселелер туындайтын.

«Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және т.б. материалдық көмек алады.

«Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көп балалы аналармен бір емес, бірнеше рет кездесіп, әкімдіктермен мәселелерді талқылап, олардың тілектерін ескере отырып, әлеуметтік осал балаларға көмек көрсету ережелерін өзгертуге бастама жасады. Ата-аналардың шотына ақша тікелей түсіп, мектеп формасын, кеңсе тауарларын және балаларға арналған аяқ киімді өз бетінше таңдай алуы үшін заңнамаға түзетулер енгіздік. Мұның артықшылығы – бала ата-анасымен бірге өзі таңдаған киіммен мектепке бара алуында. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысатын. Осыған байланысты жыл сайын киімнің көлеміне, сапасына қатысты мәселелер туындап, балалар онымен жүруге ұялатын.
Мектептерді қаржыландыруды, оның ішінде оқушыларды қолдауды әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алуға тиісті барлық балаларға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұл ең төменгі сома, ал бұрын сомалар әртүрлі болды — 17 мың, 20 мың және 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін еді. Бүгінгі таңда ең төменгі мөлшерден артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар да бар. Біз бұны тек құптаймыз. Қаражаттың ұлғаюы бұл көмекті алатын 418 мыңнан астам балаға өң әсер етеді», — деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

 

Другие новости

Back to top button