Мектеп оқушылары қысқы каникулға шықты: министрлік қауіпсіздік бойынша ата-аналарға үндеу жасады
Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының қысқы каникулға шығуына байланысты ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігі қысқы демалысты ұйымдастыру үшін өңірлерге «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұсыныстар жіберді. Бұл ұсыныстар қауіпсіздік сабақтарын, білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шараларды қамтиды.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым міндеттердің бірі болып саналады. Әсіресе мереке күндері оқушылардың отбасымен уақыт өткізуіне ерекше көңіл бөлінеді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында көшелерде, сырғанақтарда, мұз айдындарында, су қоймалары маңында және адамдар көп жиналатын орындарда, оның ішінде жәрмеңкелер мен жаңажылдық шыршаларда қауіпсіздік шараларын сақтау қажет.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі де маңызды рөл атқарады. От пен электр құрылғыларын қолдану кезінде, жаңажылдық гирляндалар, шамдар мен бенгал шамдарын пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек», — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында қысқы демалыс 30 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін 10 күнге созылады. Ал бірінші сынып оқушылары үшін 2025 жылдың 10-16 ақпан аралығында 7 күн қосымша демалыс беріледі.