Социум

КСРО-ның соңғы басшысы Михаил Горбачев дүние салды

Ол КСРО-ны 1985 жылдан 1991 жылы ыдырағанға дейін басқарды

КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев дүние салды, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy.

Мәскеудің Орталық клиникалық ауруханасы хабарлағандай, Михаил Горбачев 91 жасында ауыр және ұзаққа созылған аурудан көз жұмған.

Ресейлік БАҚ мәліметінше, маусым айында Горбачев қорының баспасөз хатшысы Владимир Поляков Михаил Горбачевтің бүйрек ауруымен ауыратынын және емделіп жатқанын айтқан.

Ол КСРО-ны 1985 жылдан 1991 жылы ыдырағанға дейін басқарды.

Михаил Горбачев — КОКП Орталық Комитетінің соңғы Бас хатшысы. Ол бұл қызметке 1985 жылы Константин Черненко қайтыс болғаннан кейін сайланған болатын. Ол қайта құрудың басты идеологы болды. Кеңес Одағының бірінші және соңғы президенті болып 1990 жылы наурызда сайланды, 1991 жылы 25 желтоқсанда отставкаға кетті. 1990 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО президенттігінен кеткеннен кейін ол қоғамдық және әдеби қызметтермен айналысты.

Михаил Горбачев «қырғи-қабақ соғысты» тоқтатуда көп еңбек сіңірген адам ретінде әлемде зор құрметке ие болды. Алайда Кеңес Одағын жақтаушылар мен аңсаушылар оны «елді күйретті» деп кінәлап келді.

Саясаткер көзі тірісінде өзін 1999 жылы 20 қыркүйекте дүниеден өткен жұбайы Раиса Горбачеваның жанына, Мәскеудегі Новодевичий зиратына жерлеуді өсиеттеп кеткен.

Другие новости

Back to top button