Госорганы

«Көрінеу жалған ақпарат таратқан»: Әскери сот журналист Козачковқа шыққан үкімді түсіндірді

Журналист шартты түрде 3,5 жылға сотталған болатын

Әскери сот журналист Михаил Козачковқа қатысты сот үкіміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы гарнизонының әскери сотының хабарлауынша, Михаил Козачковқа адамның жеке өміріне қатысты жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. Сот үкімінде журналист отбасы құпиясына қатысты  мәлiметтердi заңсыз жинап, таратқаны жазылған.

«Адамның жеке өмiрi туралы мәлiметтердi өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жинау және адамның жеке өмiрi туралы мәлiметтердi таратуға дем берушілік бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 5-бөлігі – 147-бабының 5-бөлігінде көзделген көрінеу жалған ақпарат тарату жасады деп айыпталған К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот газет редакциясының журналисі К.-мен бірге бір топ адамның 2021 жылы шілдеден бастап 2022 жылы тамызға дейін «К» телеграм-каналында жәбірленушілердің жеке және отбасылық құпиясын құрайтын мәліметтерді таратқанын анықтады», — делінген Алматы гарнизонының әскери соты таратқан ақпаратта.

Хабарламада, журналист Козачковтың  жәбірленушілерге қатысты олардың алкогольмен уланғаны туралы жалған ақпарат таратқаны айтылады.

Тақырыпқа орай: Михаил Козачков 3,5 жылға шартты түрде сотталды

Процесс кінәні мойындау туралы келісімдік тәртіпте жүргізілді.

«Сот үкімімен журналист К. қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып: ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы 2-бөлігі бойынша 1 жыл және 6 ай түріндегі бас бостандығынан айыру, ҚК-нің 147-бабы 5-бөлігі бойынша 3 жыл және 6 ай түріндегі бас бостандығынан айыру, 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармақшасы бойынша 1 жыл және 6 ай түріндегі бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды.

ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру арқылы түпкiлiктi жаза 3 жыл және 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде сот шартты жаза қолданды», — делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, өткен жылдың 18 желтоқсанында қазақстандық журналист Михаил Козачковтың ұсталғаны белгілі болды. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ол Алматы қаласы мен Алматы облысында жеке кәсіпкерлердің мүлкін рейдерлік жолмен басып алды деген күдікпен ұйымдасқан топқа қарсы жүргізілген қылмыстық істің аясында қол түскен.

Кейін оның ұсталуына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасады.

Содан кейін Қаржы мониторингі агенттігі Козачковтың пәтерінде тінту қалай жүргізілгенін баяндап, басқа да тергеу әрекеттері туралы мәлімдеме жасады.

Көп ұзамай журналистің екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Адвокаттарының жеке шағымдарына қарамастан, ол 18 ақпанға дейін қамауда болды. Осыдан кейін оның бұлтартпау шарасы қамаудан үйқамаққа ауыстырылды.

Ал 27 наурызда 3,5 жылға шартты түрде сотталды.

Другие новости

Back to top button