Туркестанская область

«Көкірегінің астынан пышақ тыққан»: Түркістан облысында көз жұмған қыздың туыстары тың деректермен бөлісті

Түркістан облысы Төрткөл ауылында кісі қолынан қаза тапты делінген Аружан Орынбаева жер қойнына тапсырылды. 9-сынып оқушысының мәйіті ауыл маңындағы каналдан табылған. Кейін полицейлер Аружанды пышақтап, денесін суға лақтырды деген күдікпен сол ауылдағы жоғары сынып оқушысын қамауға алды. Бірақ марқұмның туыстары күдікті жалғыз емес дейді. Олардың сөзінше, Аружанның өліміне өзінің тағы біраз қатарластарының қатысы бар болуы мүмкін деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

 

Аружан әкесі мен шешесі жырақ жерде жұмыс істегендіктен, Аружан бірер жылдан бері атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған. Тәртібі мен сабағы жақсы деп бағаланған жасөспірім соңғы кезде анасынан жиі ақша сұрап жүріпті. Қазір туыстары бір түнде қыздарынан айырылып қалғанына сене алар емес.

“Көкірегінің астына пышақ тыққан. Екі мәрте пышақтапты. Содан кейін қолдарын тамырдан кесіп тастаған. Сөйтіп судан тауып алды ғой”, – деді марқұмның анасы Динара Селқараева.

Аружан 9-сыныпты бітірген соң ата-анасы оны Астанадағы колледжде оқытуды жоспарлаған екен. Анасының айтуынша, Аружанның өліміне тағы бір жігіттің қатысы болуы мүмкін. Ол қызының сыныптас құрбысының ағасы. Көрші мектепті бітіріп кеткен сол жігіттен туыстары түгел күдіктенеді екен. Себебі бұл жігіт те, қамауға алынған оқушы да жасөспірім қызға сөз салып жүрген дейді.

“Үйдегілер бұл баланың кеше жаназада жүргенін айтып жатыр. Аружанды шығарып салған кезде жүрді сол бала. Әрі мына жақтағы судың қасында болған. Өлтірген жерді сумен жуған біреу, бәрін тазалап”, – деп қосты анасы Динара Селқараева.

Туыстары Аружан үй артындағы канал маңында көз жұмған дейді. Марқұмның кешкі уақытта телефонмен сөйлесіп жүргені сол маңайдағы камераға түсіп қалған. Кейін оның объективін өрмекшінің торы торлап, көрінбей қалыпты. Ал таңертең арықтың маңы қанға боялған. Бойжеткеннің денесі канал бойында жасанды бөгеттен табылыпты.

“Анық әлі не себепті өлтіргенін айтқан жоқ бізге. Белгісіз, жұмбақ болып отыр. Біз әрқайсымыз әр түрлі топшылап отырмыз. Анадан бір әңгіме, мынадан бір әңгіме естіп, өзімізше топшылаймыз. Ал заң түрінде бізге әлі ешқандай ақпарат берілген жоқ”, – дейді Аружан Орынбаеваның әпкесі Ақмарал Бекманова.

Полицейлер бұл іске қатысты әзірге бір ғана күдікті бар екенін мәлімдеді.

“Күдікті 11-сынып оқушысы. Ол полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Аталған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаменті тергеу бөлімінің бастығы Нұрым Ағманов.

Ал мектеп ұжымының айтуынша, көз жұмған қыздың да, оны өлтіруі мүмкін деп ұсталған ұлдың да оғаш әрекеті мен өзара ұрысқанын көрмеген. Оның үстіне ер бала ерегестен бойын аулақ ұстайтын еді деп отыр.

“Төбелеске бармайды бала, қорқақтау. Тіл байлығы зор еді. Бірақ мұндай қылмысқа бара алмайды ол. Қол көтеру, төбелеске бармайды еш уақытта”, – деді мектеп психологы Ұлайым Әкімбай.

Қалай дегенмен де Аружанның анасы қызын бір ғана оқушы өлтірді дегенге күмәнмен қарайды. Тергеу әділ болса, тағы бірқатар қатарластарының қатысы бар екені анықталатынына сенімді. Аружанды азаптап өлтіргендер заң жүзінде тиісті жазасын алсын дейді.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Ордабасы ауданында 9-сыныпта оқитын қыздың мәйіті табылғаны туралы хабарлаған едік.

Другие новости

Back to top button