Кентаудағы жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозған
Кентаудағы жылу орталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кентау – Түркістан облысындағы моноқаланың бірі. Мұнда 100 мыңнан астам халық қоныстанған. Қалада 347 көп қабатты тұрғын үй бар. Олардың баршасы қаладағы орталықтандырылған №5 жылу энерго орталығы арқылы жылытылады. Сондай-ақ, 2000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үйлер мен 106 бюджеттік мекеме, 441 коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
«Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығы қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жылу беру температуралық кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Орталықтандырылған жылуға қосылған 14 мың абонент бар. Барлығы толық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген», — деді Кентау қаласы әкімнің орынбасары Қуаныш Ғалымжанұлы.
2022-2023 жылдары жылыту маусымын сапалы және үзіліссіз өткізу мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен, №5 ЖЭО негізгі және қосалқы қондырғыларын, №7,8,11,12 қазандықтарын, №3 турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыстар толығымен аяқталған.
– Жылу энергия орталығы толық жұмыс режимінде қызметін атқаруда. Қала тұрғындарынан «жылу жоқ» деген шағымдар азайды. Жекелеген өтініштер бойынша жылу инспекциясы, ішкі орам жүйесі, реттеу тобының қызметі тиісті жұмыстарын істеп жатыр. Сондай-ақ, тұрғындармен түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде, — деді «Кентау Сервис» МКК директоры Әшірхан Төлеу.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 000 тонна қатты отын (көмір), 700 тонна сұйық отын (мазут) және 20 тонна дизельге келісімшарт түзілген. Ол кестеге сәйкес жеткізілуде.
Айта кетейік, Кентаудағы №5 жылу энерго орталық 1934 жылы салынған. Мамандардың сөзінше негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған.