«Жалақыларын ала алмай жүр»: Депутат елдегі сейсмологтардың жағдайы мүшкіл екенін айтты

Депутат Бақытжан Базарбек сейсмология институтын ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір сейсмология институты төтенше жағдайлар министрлігіне қарайды. Алайда депутат министрлік станцияларға мүлдем мән бермейтінін айтады.
“Ата-аналар балаларын тәрбиелемесе, балалар қараусыз, антисанитариялық жағдайда тұрса, қорғаншылық және қамқоршылық органдары балаларды алып кетеді. Ересектер ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Мен неге бұл сұрақтан бастадым?
Сейсмология институты – төтенше жағдайлар министрлігінің құзырында, бірақ төтенше жағдайлар министрлігінің мейірімінен айырылған бала сияқты. Мен сейсмикалық станциялардың көбін араладым – қоқысқа, металл сынықтарына толы. Кейбір сейсмикалық станцияларда, мысалы, ботаникалық бақта су жоқ. Сейсмологтар Алматының орталығында канистрмен су тасып жүр. Мүмкіндік жоқ. Кейбір сейсмикалық станциялардың жері жоқ, жер телімдері алынып жатыр. Талапқа сай жалғыз сейсмикалық станция – Медеу”, – деді Бақытжан Базарбек мәжіліс отырысында.
Депутаттың айтуынша, сейсмологтар ғалым болғанымен азаматтық қорғаныс органдарына теңестірілген.
“Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек екеуміз осы мәселе бойынша бір жарым жыл бұрын жұмыс істедік. Осы сейсмологиялық институтты төтенше жағдайлар министрлігінен ұлттық Қорғаныс министрлігіне беру туралы үкіметтің түпкілікті қаулысы келді. Қазір бұл қаулы ешкімнің есінде жоқ. Сейсмология институтына көңіл бөле алмасаңыздар, оны ғылым министрлігіне беруге дайынсыз ба? Жағдайы мүшкіл, сейсмологтар еңбекақыларын ала алмай жатыр”, – деді ол.
Төтенше жағдайлар министрі елдегі сейсмологтардың жағдайы ауыр екенін мойындады.
“Тек сейсмология институты емес, басқа да көптеген басқармалар көңіл бөлуге мұқтаж. Өкініштісі, 11-12 айда бір түнде бәрін ретке келтіре алмадық. Жағдайды түзету үшін кезең-кезеңімен жөндеу жүргізіліп жатыр. Олардың маңыздылығын төмендетпей, басымдылық ретінде осы уақыт ішінде басқа да бағыттар қойылды. Бұл кімнің қолында болуы керек деген мәселені ұзақ уақыт ғылым министрлігімен шешіп жатырмыз. Бірақ үкімет төтенше жағдайлар министрлігінде қалсын деген нақты шешімге келді.”, – деді ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов.
Ол институттың бас ғимаратында жөндеу жүргізуге қаржы бөлінгенін хабарлады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, жұмыс жазда басталады.
“Сейсмикалық станциялардың 150-ге жуығы бар, ондағы жағдай шынында да көңіл көншітпейді. Біз капсулалық үйлерді сатып алу деген нұсқаны қарап жатырмыз. Әлеуметтік қамсыздандыруға келсек, биыл алғаш рет олар сыйлықақы мен грантқа қол жеткізіп отыр. Мен келгенде, олар қарызға кіріп, жалақыларын төлей алмады», – деді министр.