Госорганы

Еуропаға визалық режимді жеңілдетуде қолдау көрсетуді сұрадық — СІМ

 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу швейцариялық дерегациядан Еуропаға визалық режимді жеңілдетуде қолдау көрсетуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін ведомство басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Швейцария Сыртқы істер федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассиспен кездесті.

«Кездесу барысында туристік салада жарнамалық науқандарды ұйымдастыру арқылы бірлескен іс-шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. Екі ел азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейту жолдарын да ортаға салдым. Көптеген еуропалықтармен қатар, Швейцария азаматтары да бес жылдан астам уақыттан бері Қазақстанға туристік немесе іскерлік виза рәсімдемей келе алады. Осыған байланысты, Кассис мырзадан Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі ресми консультацияларда қолдау көрсетуді сұрадым», — деді Мұрат Нұртілеу елордада өткен брифингте.

Сыртқы істер министрі қос елдің мүддесін қамтитын салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың болашағы зор деген ортақ ойға келгендерін атап өтті.

«Қос тараптың бірегей мақсаты – Астана мен Берн арасындағы сан-қырлы әріптестік өрісін кеңейту бағытында нық қадамдар жасалатынына күмәнім жоқ. Осы кездесудің қорытындысы екі ел арасындағы байланыстарды күшейтуге қосымша серпін беретініне сенімдімін», — деді М. Нұртілеу.

Бұған дейін И. Кассис Швейцарияның халықаралық су бөлу мәселесінде Қазақстанға жәрдем көрсетуге дайын екенін айтқан еді.

Сондай-ақ, Швейцарияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 32,6 млрд доллардан асты.

Другие новости

Back to top button