Дүкендерге салық төмен болуы керек – Қазақстанда жеке кәсіпкерлерге салық 2% төмендетіледі
Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісіне қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.
Қаржы вице-министрінен “Қазақстанда жаңа салық кодексі бойынша жеке кәсібі бар адамдарға табысының қаншалықты мөлшерін салық ретінде төлеу міндеттеледі?” деп сұралған.
– Салық төлеушілерге ауыртпашылық түспеуі керек. Сондықтан, сіз айтып отырған 3 пайыз – арнайы жеңілдетілген декларацияны біз қазір қайта қарастырып жатырмыз. Ол режимді бөлшекті тауарға қосу көзделген. Ол деген – қазір оңтайлы декларация бойынша, 20 мың АЕК-тен табыс асатын болса, олар қосылған құн салығын төлеуі керек болатын. Ал 70 мың АЕК-тен асса олар қосымша 12 пайызын төлеуі тиіс. Үш пайыз айналымнан төлейді, ал асып кетсе, қосылған құн салығы бойынша тіркеуге тұрып, соны төлеуі керек болатын, – дейді ол.
Біржановтың айтуынша, көп кәсіпкер шекті біліп, бизнесін бөліп, екі-үш адамның атынан аша бастағанын, бұл өте дұрыс емес екенін айтады.
– Біз осы шекті сол себепті алып тастап жатырмыз. Бұрын шектен асса, қосылған құн салығын төлеуі керек болды ғой. Қазіргі таңда 2,2 млрд теңгеге дейін ол қосылған құн салығын төлемейтін болады. Жақсы бастама. Егер жеке тұлғаларға тауар сатса, салық мөлшерін 2 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік қарастырып жатырмыз. Сондай шектер бар. Бұл ұсыныс. Ол ұсыныстар талданады. Егер заңды тұлғаларға немесе бизнес өкілдеріне сатар болса, онда салық мөлшерлемелері жоғары болуы мүмкін. Мысалы, өзіңіз күнделікті дүкенге барасыз ғой. Оларға салынған салық төмен болуы керек, – дейді ол.
Жалпы, сомалап қосқанда қазір жеке кәсібі бар адамдарға жеңілдетілген тәртіппен 3 пайыз салық төлейді.