Менің балам (Ұл мен қыз)

«Димаш Құдайбергенді мысалға келтіруге болады»: Қазақстандықтар тұңғыш баланы ата-апасының тәрбиесіне беру жөнінде дауласты

Қазақта тұңғыш немерені қарттарға беріп, шал мен кемпірдің баласы болып өсетіндер көп. Бірақ ер жеткенде өз ата-анасының айтқанын мойындамай, оларға қарсы шығып жатады екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Шұғыла Баймұхан жоғары оқу орнында төртінші курс студенті. Оны ата-анасы 3-4 айлығында ауылдағы ата-әжесінің қолына табыстаған. Қарашаңырақта өсіп өнген. Қарияларға әбден бауыр басқан қыз әкесіне аға, анасына әпке деп араласады екен.

«Бала тәрбиесінде баланы кім өсіреді, оның өмірінде сол адамдар ерекше орын алады. Мен үшін ата-әжемнің орны ерекше. Ол кісілер қанша ғұмыр жасаса, сол уақытқа дейін бірге тұрамын. Ата-әжемнің махаббатын ешкімдікімен ауыстыра алмаймын», – деді Шұғыла Баймұхан.

Ата-апаның тәрбиесін көріп, махаббатына бөленіп өскен әрине жақсы, бірақ барлығы балаға дұрыс қарайды деу қиын дейді мамандар. Кейбіреулері немерелері ер жеткенде қимай ата-анасына бермей жатады, арасында әке-шешесіне қарсы қоятындар да бар. Кейін баланың жатырқап, бауыр баса қоймайтыны да осыдан. Тіпті өзін дүниеге әкелген адамға ана деп айта алмай қиналады дейді қоғам белсенділері.

«Ата-әженің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Басты балаға бере алатын өнегесі өзінің ата-анасын сыйлау. Еркелеп келсе сен әке-шешеңді тыңда, оларды тыңдауға тиіссің деуі керек. Ең бастысы ата-анаңды сыйла, сол кезде мен де ризамын деп айтқаны жөн», – деді қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы.

Сәбиді ата-әжесіне беру қазақ қоғамында бұрыннан бар. Ертеректе баласының қауіпсіздігі үшін ата-ана осылай жасаған. Дегенмен бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталған. Белгілі этнограф Талғат Омаровтың айтуынша, мұның еш әбестігі жоқ. Керісінше үлкендердің қолында бала мейірімге қанық болып өседі. Қазақтың танымал тұлғалары да шал мен кемпірдің тәрбиесінде болған.

«Димаш Құдайбергенді мысалға келтіруге болады. Оны өсірген Құдайберген атасы мен апасы. Өз ата-анасы Қанат пен Светлана тәрбиелесе Димаш Димаш болмайтын еді. Ата-әжесінің тәрбиесінің арқасында Димаш мұқым Азияны, Еуропаны қазақ тілінде ән айтқызып, қазақ тіліне құмар етті», — деді этнограф Талғат Омаров.

Ал психологтар керісінше сәбиді ата-әжеге беруге мүлде қарсы. Себебі әке-шешесінің қамқорлығында болмаған балалардың есейгенде психологиясы бұзылады. Адамдарға сенуі қиындап, қарым-қатынас құрудан қашады екен.

«Ата-әженің қолында өскеннен кейін, ата-әженің табиғи жасы белгілі. Олар бақилық болған кезде бала ортада жалғыз қалып қояды. Не мама-папа дейтін ол кісілер жоқ. Өз әке-шешесіне ол сөзді айта алмайды. Туған бауырларымен дұрыс қарым-қатынас құра алмайды. Өйткені кішкентай кезінен бастап үйренбеген. Осының барлығы баланың психикасына кері әсерін тигізеді», – деді психолог Ержан Мырзабаев.

Баланы ата-әженің тәрбиесіне беру туралы пікір көп. Нақты шешімін айту қиын әрине. Дегенмен әр бала махаббат пен мейірімге бөленіп өсуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде немересі ата-әжесін үйінен қуып шығу үшін сотқа шағымданғаны туралы жазған едік.

Другие новости

Back to top button