Образование

Биылғы ҰБТ-да бөгде адамның талапкер орнына кіру фактісі тіркелген жоқ – Ұлттық тестілеу орталығы

 Биылғы ҰБТ-да бөгде адамның талапкер орнына кіру фактісі тіркелмеген. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылды. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Биыл ҰБТ-да бір де бір бөгде тұлға анықталған жоқ. Естеріңізге сала кетсем, 2021 жылы бұндай 18 жағдай, 2022 жылы 1 жағдай анықталған еді», — деді ол.

Орталық директорының айтуына қарағанда, биылғы талапкерлердің 18%-ы «математика-физика» пәндерін таңдаған.

«Жалпы комбинацияларға келсек, қазіргі таңда талапкерлердің 18%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 10%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.

Осыған дейін айтылғандай, тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ын құрайды. Ал бейіндік пәндер комбинациясы бойынша шекті балдарға келсек, «Математика-Физика» пәндерін таңдаған 47 мың талапкердің 74%-ы шекті балл жинаған.

Сондай-ақ, «Биология-Химия» таңдаған 40 мың баланың 77%-ы шекті балл жинаған», — деді Руслан Емелбаев.

Другие новости

Back to top button