Госорганы

Биыл Қазақстанда 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді

VIII рет сайланған Парламенттің бірінші сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта елде аудан және облыстық маңызы бап қалаларда әкім сайлауы өтетінін мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқының Отанды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттегі өзгерістердің мұнымен бітпейді, дейді ол.

“Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз”, – деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел.

“Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ, мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын. Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек», – деп қосты мемлекет басшысы.

Другие новости

Back to top button