«Балалар төңкеріліп тұрды»: Ақтауда аттракцион тоқтап қалды (видео)
Ақтауда аттракцион тоқтап қалып, балалар төбеде төңкеріліп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы ата-аналардың бірі Бақтияр Әубәкіров айтты. Оқиға кеше Tetysblu ойын-сауық саябағында болған. Оның айтуынша, аттракционда бірнеше бала болған.
«Ұлым мен басқа балалар аттракционға отырды. Аттракцион оларды айналдырып, дұрыс қалыпта тоқтады. Бірақ операторлар балаларды орындарынан босататын құлыпты аша алмады. Сосын балалардың өмірін қатерге тігіп, аттракционды екінші рет іске қосты. Одан кейін аттракцион ауада ілініп тұрды», — деді баланың әкесі.
Оның айтуынша, балалар бірнеше минут бойы аттракционда төңкеріліп тұрған.
«Олар осылай 5-7 минуттай ілініп тұрды. Балалар қатты қорқып кетті. Неге ешкім көмектеспейді деп айқайлап, жылап жіберді. Балаларды тыныштандыруға тура келді. Оларды түсіргенде бір қыздың басы қызанақтай болып қызарып кеткен. Осы оқиғадан кейін баламның іші ауыра бастады. Себебі аттракцион белін қысып тастаған. Оқиғадан кейін ешкім медициналық көмек көрсеткен жоқ», — деді баланың әкесі.
Сонымен бірге ол оқиға орнына полицейлерді шақырғанын, бірақ полицейді саябаққа кіргізбеген. Тематикалық саябақ әкімшілігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Иә, расында, ағымдағы жылдың 24 тамызында жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 18:45-те Blu Racer аттракционы тоқтап, үш минут 37 секунд ішінде келушілерді қауіпсіз эвакуациялау жоспары орындалды. Айта кетейік, біздің барлық аттракциондар қауіпсіз. Оның үстіне аттракциондар күн сайын ауысым басталар алдында мұқият тексеріледі. Бұл прецедент бірден Tetysblu басшылығының бақылауына берілді. Сол себепті келушілерден қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», — деді Tetysblu ойын-сауық саябағының менеджері Серік Исағалиев.