Атырауская область

Атырауда бір топ жасөспірім қатарласын аяусыз соққыға жыққан

Атырауда бір топ жасөспірім қатарласын аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Оқиғаның видеосын әлеуметтік желі қолданушысы Аликош Романова жүктеді.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 11 сәуірде болған.

«Атырау қаласындағы колледж жатақханасының жанында 2007 жылғы жасөспірімге дене жарақаты салынған. Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабының 2-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті ретінде 2006 және 2007 жылғы жасөспірімдер ұсталды. Олар Атырау қаласындағы №2 полиция бөліміне жеткізілді», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балалар үйіндегі ұрып-соғу дерегіне байланысты тергеу басталғанын жазған едік. Кейін деректі арнайы комиссия тексеріп жатқанын хабарланды.

«Балалардың құқығын шектеу деген мәселе туындамауы керек. Біз бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Қазір облыстық білім басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамындағы психологтер әр баламен жеке әңгімелесіп, тексеру жүргізіп жатыр. Балалардың психологиялық жағдайына баға беріледі. Педагогикалық құрамның тәрбие жұмысына сараптама жасалады. Арнайы комиссияның тексеру қорытындысы туралы кейін хабарлаймыз», — деп мәлім етті Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Сондай-ақ, облыстық білім​ басқармасы басшысының бұйрығымен тексеру жүргізілуіне байланысты​ отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева жұмысынан шеттетілді.

Другие новости

Back to top button