Атырауская область

Атырау облысында 6 ауылды құм басып қалуы мүмкін

Соңғы 10 жылда құм көшкіні бел алып бара жатыр

Атырау облысында толассыз көшкен шағыл тұрғын үйлер мен қора жайларды басып жатыр, деп хабарлайды  «Хабар 24» арнасы.

Соңғы 5 жыл қатарынан келген құрғақшылық пен Каспий теңізінің тартылуынан шағылдар көше бастады. Жергілікті билік ушыққан мәселені сексеуіл отырғызып шешуге көшкен. Алайда жұмыс шала істелінгендіктен, осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған жоба аяқсыз  қалды.

Ауылдағы жалғыз трактор болмағанда Фаруза Сұлтанәлиеваның үйі әлдеқашан құм көшкінің астында қалар еді. Десе де, сусыған құм ырық берер емес. Ауылдықтар ернектеп енген шағыл бір күні баспанамызды басып қала ма қорқады.

«Құмның азабын көрдік. Аптасына  бір-екі рет алдыртып тұрамыз осылай. Қиын. Үйді басып кететін түрі бар», — дейді ауыл тұрғыны Фаруза Сұлтанәлиева.

Құрғақшылық пен теңіздің тартылуы мәселені одан бетер ушықтырып жіберді. Толассыз көшкен қызыл құм 1300 тұрғыны бар Забурын ауылын да тығырыққа тіреген. Алдыңғы жылы 115 млн теңге бөлінген құм тоқтату жұмыстары сәтсіз аяқталды. Егілген 27 мың түп сексеуілден сая болар түк қалмапты. Жергілікті билік енді жаңа жұмыстың жобасын жасақтауға кірісті.

«Қазір тағы жобалау сметалық құжатын дайындап жатырмыз. Ауыл ішіндегі құмды шығару жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Игертпей жатыр», — деді Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаш.

Билік басындағылар кеткен кемшілік жуық арада түзелетінін айтады. Салғырттық танытып, жұмысты жарытпаған мердігерге соңғы рет мүмкіндік берілмек.

Облыс бойынша құм басу қаупі жоғары 6 ауыл бар. Соңғы 10 жылда құм көшкіні бел алып бара жатыр. Сондықтан жедел шара керек. Исатайда қолға алынған жұмыс жемісін берсе, шағылға көмілген елдімекендердің іргесіне сексеуіл егу жалғасатын болады.

.

Другие новости

Back to top button