ГлавноеСпорт

Аргентина футбол тарихында үшінші рет әлем чемпионы атанды

Чемпион команда пенальти сериясы арқылы анықталды

Қатар елінде өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында Лионель Месси бастаған Аргентина ұлттық құрамасы Францияны (3:3; 4:2) пенальти сериясында жеңіп, футбол тарихында үшінші рет әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Матчтың алғашқы бір сағаты толықтай аргентиналықтардың еншісінде болды деп айтуға негіз бар. Себебі осы аралықта Франция құрамасы Аргентина қақпасына бірде бір соққы жасай алмай жүрді. Ал аргентиналықтар алғашқы таймда-ақ екі гол соғып үлгерді. Лионель Месси мен Анхель Ди Мария бір-бірден тура соққы бағыттап, Аргентина құрамасын алға шығарған. Ойынның 64-минутында бас бапкер шабуыл шебінде ойқастап жүрген Ди Марияны қорғаушы Маркос Акуньяға алмастырып, қорғанысты күшейтпек болған, осылайша есептегі басымды сақтап қалмақ болған еді.

Алайда дәл осыдан кейін француздардың екпіні күшейіп, шабуылды үдетті. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Матч бойы көзге түспей жүрген Килиан Мбаппе жасындай жарқылдап шыға келді. 80-минутта пенальтиді сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартса, арада бір минут өтпей жатып, таразы басын теңестіріп үлгерді. Француздардың қарқыны негізгі уақыттың соңғы секундына дейін жалғасты.

Матч осылайша экстра-таймға жалғасты. Алғашқы 15 минутта Аргентинаның басымдығы айқын көрінді. Алаңға тыңнан қосылған Лаутаро Мартинестің екі бірдей мүмкіндігі болған. Алайда екеуінде де сәттілік француздардың жағында болды.

Экстра-таймның екінші бөлігіндегі кезекті шабуылда Лионель Месси мүмкіндігін пайдаланып, аргентиналықтарды кезекті рет алға шығарған. Дегенмен бұл басымдықты да сақтап қала алмады. Кездесудің аяқталуына екі минут қалғанда Эмилиано Мартинестің қақпасына пенальти белгіленіп, оны Килиан Мбаппе сәтті орындап, хет-трик авторы атанды.

120 минутқа созылған матч осылайша 3:3 есебімен аяқталып, чемпион құрама пенальти сериясы арқылы анықталды.

Пенальти сериясында Эмилиано Мартинес француздардың екі бірдей добын қайтара білді. Орельен Чуамени мен Кингсли Коман өз мүмкіндіктерін сәтті орындай алмады. Ал Аргентина сапынан ешкім мүлт кеткен жоқ.

Матчтың нәтижесі: Аргентина 3:3 Франция (пенальти сериясы 4:2).

ФИФА марапаттау рәсімінде үздіктерді анықтады:

  • Үздік жас ойыншы: Энцо Фернандес (Аргентина);
  • Үздік сұрмерген: Килиан Мбаппе (Франция, 8 гол);
  • Үздік қақпашы: Эмилиано Мартинес (Аргентина);
  • Үздік ойыншы: Лионель Месси (Аргентина).

Айта кетейік, Аргентина құрамасы өз тарихында алтыншы рет әлем чемпионатының финалында өнер көрсетсе, француздар осымен төртінші рет сынға түсіп, оның екеуінде чемпион атанған.

Другие новости

Back to top button