Ақтөбеден басқа өңірлерде республикалық жолдар түгел ашық — ҚазАвтоЖол
Ауа райының қалпына келуіне байланысты республикалық маңызы бар жолдар шетінен ашылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін таңғы 6:00 кезінде Алматы облысындағы «Алматы-Көпек-Көктал-Қорғас» жолының 132-230 шақырымы, яғни Байсейіт елдімекенінен Шонжа қаласына дейінгі учаскесі ашылды.
Сондай-ақ «Көкпек-Кеген-Түп» жолының 0-72 шақырымында көлік жүруіне рұқсат берілген. Бұл — Көкпек ауылын Кегенмен жалғайтын жол.
Сонымен қатар таңғы 6.30 шамасында Шығыс Қазақстан облысының «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Қатонқарағай-Рахман бұлақтары» жолының 6-166 шақырымында қозғалыс жанданды. Бұл учаске Ушановское елдімекені мен Алтай қаласы арасында жатыр.
Дәл қазір Ақтөбе өңіріндегі «Самара-Шымкент» тасжолының Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ ауылына дейінгі учаскесінен басқа күре жолдардың бәрі ашық.
«Дәл қазіргі уақытта республикалық маңыздағы тасжолдарда қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын атқару үшін 611 бірлік арнайы техника жұмылдырылды» деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясынан.