Актюбинская область

Ақтөбеде өгей әке-шешенің қолында тәрбиеленіп жатқан 2 мың бала бақылауға алынды

Ақтөбеде 2 мыңнан астам бала өгей әке-шешенің қолында тәрбиеленіп жатыр. Прокуратура, полиция мен білім бөлімі бірігіп бақылау жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таяуда Бас прокуратура «Е-превенция» жобасын таныстырды.

Кәмелет жасқа толмаған балаларды қорғауға бағытталған жаңа жоба алдымен Астана қаласы мен Ақтөбе облысында іске асады.

Мақсат – балаларды қорғау. Қазіргі кезде Ақтөбе облысында 2500-ден астам кәмелетке толмаған бала өгей әке немесе шешенің қолында тәрбиеленіп жатыр.

Сонымен бірге 67 кәмелетке толмаған бала патронат отбасында ержетіп жатыр.

«Бұл санаттағы балалардың құқығын қорғау мақсатында білім бақармасының мамандарымен бірге тексеру жүреді. Оларға жандынама таратылады. Сексуалдық қатынас, суицидтің алдын алу туралы айтылады. Біз педагогтармен қатар психологтарды жанымызға ертіп жүреміз. Әрине, мұғалім сабақтан соң түнде бізбен жиі еріп жүре алмайды. Ал күндіз ата-аналар жұмыста. Сондықтан барлық тарапқа ыңғайлы уақыт келісіп таңдалады. Көбіне кешкілік шығамыз»,- деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Нұржан Мукумов.

Айта кетейік, облыста «Отбасы», «Қолайсыз терезе», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Каникул» атты алдын алу іс-шаралары өтті.

Жыл басынан бері 4300-ден астам кәмелетке толмаған полиция бөліміне жеткізілді.

Баласы түнгі уақытта қараусыз жүргені үшін 3700-ден аса ата-ана жауапқа тартылды.

«125 бала түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде ата-анасыз жүрген. Сол себепті ата-аналары жауапқа тартылды. Оларды кіргізген 80 ойын-сауық мекемесі, яғни, жеке кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды. Арасында ойын клубтары, компьютер клубтары, мейрамхана, дәмхана да бар. Кейбірінде балалар заңсыз жұмыс істеген. Кәмелетке толмағандар арасында ұрлық, ұсақ бұзақылық жиі кездеседі. Кейде өз құрбыларынан ұрлайды. Ұсақ ұрлық туралы айтар болсам, супермаркеттен тағам ұрлау дерегі кездеседі. Шоколад, сусын алады. Балалар бір-бірімен төбелесіп қалып жатады. Биыл мектеп, колледж оқушылары мен ЖОО-да оқитын кәмелетке толмағандар арасында 78 қылмыс тіркелді. Биыл 485 кәмелетке толмаған бала, бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 365 қолайсыз отбасы есепке алынды»,- деді Нұржан Мукумов.

Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия 522 материалды қарады. Биыл облыста 16 адам ата-ана құқығынан айырылды.

Кәмелет жасқа толмаған үш бала сот шешімімен арнайы мектепке жіберілді.

«Ақтөбе облысында 2561 бала өгей әке-шешенің қолында тәрбиеленіп жатыр. Менің ойымша бұл көп. Өгей әкенің бәрін қанішер, зорлық-зомбылыққа бейім деп айта алмаймыз. Оның ішінде дұрыс отбасылар да бар, қолайсыз отбасылар да бар. Қолайсыз отбасын есепке алған күннен бастап қадағалаймыз. Адамдар да жасырмай екінші отбасы туралы айтады»,- деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Нұржан Мукумов.

Другие новости

Back to top button