«Анасы мемлекет қаржысын субсидия түрінде алған»: Түркістан облысында әкімнің кандидатурасы қызу талқыға түсіп жатыр
Желіде Түркістан облысы Ескі Иқан ауылдық округі әкімі сайлауына ұсынылған кандидат қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылдың 2 ақпанында Түркістан облысы Сауран ауданында Ескі Иқан ауылдық округі әкімінің сайлауы өтеді. Письма Президенту Telegram-арнасының мәліметінше, бұған дейін жерді заңсыз беруге қатысты жанжалға тап болған Дилшод Саитов «Amanat» партиясынан кандидат ретінде ұсынылған. Сондай-ақ жазбада бұрынғы әкімнің анасы 20 миллион теңге мемлекет қаржысын субсидия түрінде алғаны туралы жазылған.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Түркістан облысы Сауран ауданындағы «Amanat» партиясының филиалынан мән-жайды сұрап білді.
Олардың айтуынша, 2022 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ескі Иқан ауылынан мектеп салу үшін 4,8 гектар жер телімі бөлінген. Бұл шешім ауданда мектептің болмауына байланысты қабылданған екен.
«Сауран ауданының облыстық арнайы жер қорының шешімі негізінде мектеп құрылысы жоспарланған 4,8 гектар жер учаскесі Сауран ауданының арнайы жер қорына қайтарылды. Ескі Иқан ауылдық округі әкімінің 2024 жылы 20 ақпандағы шешімімен бұл учаске 5 жыл мерзімге «Мектеп Жаңа Иқан» ЖШС-не уақытша берілді. Қазіргі уақытта жауапкершілігі шектеулі серіктестік Қыдыралева көшесі, 29 мекенжайы бойынша мектеп салды. Мектепте 47 мұғалім мен 18 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар 300 оқушы білім алып жатыр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жауапта Сауран аудандық прокуратурасының ұсынысында Саитов жеке және заңды тұлғаларға негізсіз қолдау көрсету арқылы тәртіптік бұзушылық жасағаны көрсетілген.
«Алайда әкімнің басты мақсаты – мектеп тапшылығына байланысты тұрғындардың мәселесін шешу болды. Қазіргі уақытта Түркістан облысының жер ресурстарын басқару басқармасының талап арызы бойынша аудан әкімінің 2024 жылы 20 ақпандағы қаулысын және жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы ісі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ желіде бюджеттен субсидия түрінде миллиондаған ақша алды деген Дилшод Саитовтың анасына қатысты жағдайға түсініктеме берілді.
«Ауыл шаруашылығына субсидия беру ауыл әкімінің құзырына жатпайды. Оның үстіне аталған мерзімде Саитов әкім қызметін атқармаған», – делінген жауапта.
Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, Сауран ауданының прокурорларымен жүргізілген талдау барысында Ескі Иқан ауылдық округі әкімінің қызметінде 4,8 га жер учаскесіне құқық беру кезінде заң бұзушылықтар жасалғаны анықталды.
«Жерге құқық белгілейтін құжаттарды жарамсыз деп тану туралы прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Тиісті талап қазір аумақтық сотта қаралып жатыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы басқармасы мен Саитов Д-ның анасына тиесілі «Венера» шаруа қожалығы арасында шарттық міндеттемелердің бұзылуына байланысты мал шаруашылығын дамытуға бұрын алынған субсидияларды қайтару мәселесі бойынша сот процестері жалғасыпжатыр», – делінген хабарламада.
Дилшод Саитов туралы не белгілі
1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келген.
2012 жылы Шымкент әлеуметтік – педагогикалық университетін қаржы мамандығы бойынша бітірген. Оқуын аяқтаған соң өзі туып өскен Ескі Иқан ауылындағы Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінде 6 ай жастар практикасында болған.
2013 жылы қазан айында Түркістан қаласы әкімдігінің «Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бас маман лауазымына тағайындалған;
2014 жылдан бастап Түркістан қаласы әкімдігінің «Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бас маман- есепші лауазымына тағайындалған;
2018 жылы Кентау қаласы әкімдігінің Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесіне бас маман лауазымына тағайындалған;
2021 жылы Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалған. 2021 жылдың маусым айында Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалған.