Спорт

Алматыда каратэден ірі халықаралық турнир өтті

Қазақстандағы балалар спорты тек ірі қалаларда ғана емес, еліміздің ең шалғай аудандарында да қолжетімді болуға тиіс.

Бұл күндері Алматы еліміздің спорттың өміріндегі маңызды оқиғаның ошағына айналды. Қазақ спорт және туризм академиясының базасында сегіз елдің жас спортшыларының басын қосқан каратэден ірі халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

 

Жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан 500-ден аса жас спортшы қатысты. Дүбірлі додада қазақстандық спортшылардан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Украина және Моңғолиядан түрлі стильдегі каратэшілер бақ сынады.

Биыл каратэден барлық стильдегі турнир бесінші рет ұйымдастырылуда. Байрақты бәсеке Халықаралық балаларды қорғау күніне және қарулы күштердің арнайы жасақтарын құрған полковник Роберт Мосоловтың туғанына жүз жыл толуына арналды.

Турнир алғаш рет «Халық» қайырымдылық қорының жалпы қолдауымен өтті. Ұйымның бағыттарының бірі қазақстандық ауылдарда бұқаралық спортты дамыту болды. Қордың Алматы облыстық филиалының басшысы Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, каратэ адам бойындағы игі қасиеттерді дамытатын ерекше спорт.

«Каратэ спортшылардың тек дене бітімін дамытып қана қоймайды, сонымен қатар олар үшін үлкенді сыйлау, шыдамдылық сияқты қоғам үшін маңызды қасиеттерді тәрбиелейтін философияға айналады. Сондықтан спортшылар күн сайын өз беттерімен жұмыс істей отырып, тек дене бітімдерін ғана емес, сонымен бірге моральдық тұрғыдан да жетіледі. «Халық» қорының қолдауының арқасында бүгін турнирде бес жасар спортшылар да бақ сынауда, олар үшін ұйымдастырушылар арнайы классификация әзірледі.

Мұндай ауқымдағы жарыс – көптен бері шеберліктерін шыңдап жүрген спортшылар үшін мереке. Балаларды қорғау күніне орайластырылған жарыста барлық спортшыларға, ерекше әсер мен мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырыстық. Бүгін еліміздің Мемлекеттік рәміздері күні. Турнир алаңында еліміздің туы көтеріліп, Қазақстан Республикасының әнұраны шырқалғанын да ерекше атап өткім келеді.
Қаратэ, әрине, қазақ ауылдарында дамытуды көздеп отырған жалғыз спорт түрі емес.

Екі аптадан кейін «Халық» қайырымдылық қоры филиалының қолдауымен Алматы облысында бірінші рет ауыл балалар футбол командалары арасында «Halyk Open Cup» футбол турнирі басталады. Бұл шараның басты мақсаты – балалар командаларының шеберлігін шыңдаумен қатар, ауыл балалары арасында спорттың бұл түрін қолдау және дамыту болмақ», – деді қордың облыстық филиалының басшысы Ғалымбек Жақсылықов.

Ауылда спортты дамыту – өңірлердегі жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандыратын факторларының біріне айналуы мүмкін, себебі спорт адам бойынша қайсарлық, төзімділік сынды игі қасиеттерді тәрбиелейді.


Талай чемпиондарды дайындаған кумитэ-каратэ бойынша жаттықтырушы Асқарбек Мақашев каратэ тәрбиелік мәні бар спорт екенін айтады.

«Қазір каратэ Қазақстанның түкпір-түкпірінде дамып келеді, еліміздің көптеген өңірлерінде мықты спортшылар мен командалар бар. Мен үшін каратэ – саф өнер. Спорттық мансабымның он жылын жүзуге арнасам да, каратэ мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Менің бұл таңдауым тәлімгерлерімді таң қалдырды», – деді жаттықтырушы.

Турнирді ұйымдастырушы Талғар Ахмадиевтің айтуынша, «Халық» қорының қолдауының арқасында бұл турнир балалар спортын дамытудың жаңа белесі болмақ.

«Халық» қазірдің өзінде еліміздің ауылдарында спортты қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда, мен де өз тарапымнан бұқаралық спортты дамытуға бар күш-жігерімді салып, осы мақсатта қорға көмектескім келеді.

Бұл жарысты ұйымдастыра отырып, біз, ең алдымен, барлық жас спортшыларды Балаларды қорғау күнімен құттықтап, оларға осы турнир арқылы ерекше сый жасағымыз келді», – дейді Қазақ туризм және спорт академиясының кафедра меңгерушісі және турнирді ұйымдастырушы Талғар Ахмадиев.

Жарыс барысында болашақ чемпиондарын қолдауға келген қонақтар мен спортшылардың ата-аналары үшін жас каратэшілер мен олардың тәлімгерлері тамаша трюктар мен соққылар көрсетіп, демонстрациялық қойылым өткізді.

Татамидегі эмоциялар балалар арасында да, жасөспірімдер арасында да, жігіттер арасындағы жекпе-жектерде де, қыздар арасындағы текетіресте де ерекше болды.

Тартысты турнир жас спортшылар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де эмоцияға толы болды. Бірі перзентіне мотивация берсе, бірі сөзбен қолдады.  Ішкі уайымын көз жасымен жеткізген бүлдіршіндерді демеген ата-аналарды да байқадық.

Дегенмен, достарын, туыстарын немесе балаларын қолдауға келгендер де көп болды. Олар тартысты бәсекенің шырайын келтірді.

Турнирде барлығы жүзден астам медальдар жиынтығы ойналды, осылайша қатысушылардың көпшілігінің кемінде бір медальмен үйлеріне қайтты.

Кейбіреулер үшін бұл олардың спорттық мансабындағы алғашқы марапат болды.

Ал тәжірибелі спортшылар одан да көп медальдар мен кубоктарды қанжығаларына байлады.

Бірақ бұл турнирді ұйымдастырғандағы басты мақсат, әрине, спорт мерекесі, шеберлік көрсету, жаттығуда үйренгеннің бәрін татамиде сынау.

Дүбірлі дода соңында жас спортшыларға татамиде де, өмірді де бап пен бақ қатар шапсын деп тіледік.

Другие новости

Back to top button