Алматы

Алматыда жалақысыз қалған кондитер фабрикасының жұмысшылары наразылық білдірді

Жүргізушілер мен жүк тасушылар еңбек инспекциясы мен прокуратураға шағым түсіреміз деп отыр

Алматыда кондитер фабриканың 50-ден астам жүргізуші-экспедиторы мен жүк тасушысы жұмысты тоқтатып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Таңнан қара кешке дейін дүкендерге тауар жеткізетін азаматтар жекеменшік компания еңбек шартын толық орындамайды деп шулады. Соның салдарынан келісімшарт бойынша өзімізге тиесілі қаржыдан қағылдық дейді шағымданушылар.

«Шыдамның да шегі бар» деген жігіттер жаппай жұмыстан кетіп, құзырлы органдарға арыз жазбақ. Алматыда кондитер фабрикасының 50-ден астам жүргізуші-экспедиторы мен жүк тасушысы жұмысқа шықпай, наразылық білдірді. Атпалдай азаматтар компания еңбек шартын толық орындамайды деп күйінеді. Олар уәде етілген үстемақы төленбейді, еңбек демалысына ақысыз шығамыз және ауырған күндерге ақша аударылмайды деп отыр. Төзімі таусылып тауы шағылған жігіттердің арасында заңсыздықтарды көзіне жас алып айтқаны да болды.

«Төрт балам бар. Мынаның бәрі оны асырамайды ғой. Ауырған күндерге де ақша төленбейді, не демалысқа төлемейді. Мен осы жерде құлап, аяғымды сындырдым. Фирма ақша берген жоқ. Қымбатшылық мынау, фирмаға келсең анау. Сонда қай жаққа барамыз?», — дейді жүргізуші-экспедитор Бауыржан Қасамбаев.

Таңнан қара кешке дейін дүкендерге печенье мен халва таситын жігіттер жаңажылдық мерекені де көк тиынсыз қарсы алдық деп мұңын шақты. Себебі, желтоқсан айының жалақысы әлі берілмеген. Ал басшылық «қоймада 37 миллион теңгенің тауары жетіспейді, кінәлілерді таппайынша, айлық алмайсыңдар» деп ашық айтыпты. Осы мәлімдемеден кейін жұмысшылар дәлел-дәйексіз мойнымызға миллиондарды ілуге жол бермейміз деп жаппай жұмыстан кетуге арыз жазып жатыр.

«Қоймадан 37 миллион жетіспеушілікті жүкші, жүргізушілерден, қоймадағы жігіттерден көріп отыр. Не ұстап алған адамы жоқ. Дәлелдейтін видеосы жоқ. Соны бізден көріп отыр. Оны қалай бізден көреді? Кредит кетіп жатыр, пәтердің ақшасын да сұрап жатыр. Ақша жоқ жерде қалай жүреміз? Ақшамызды алайық, кетейік. Кеше жұмыстан шықтық», — дейді жүргізуші-экспедитор Бекарыс Садық.

Шулаған жұмысшылардың ортасына «А-продукт» Серіктестігінің басшысы шыққан жоқ. Оның орнына компанияның заңгері келіп, қызмет тексерісінің  қорытындысын күтпей, жалақыны апта соңына дейін таратамыз деп ант-су ішті.

«Соңғы айдың жалақысын зауыттың жүргізушілері мен жүк тасушылары ғана алған жоқ. Себебі, қоймада, шамамен 40 миллион теңгенің тауары жетіспейді. Ал тауармен тікелей жұмыс істейтін адамдарға айлықты бермегеніміз рас. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Кімнің не ұрлағанын бәрібір анықтаймыз. Жұмысшылар еш уайымдамасын. Кінәлі адамдар табылмаса да, біз айлықты толық береміз. Барлығы заң аясында жүзеге асырылады», — деді «А-продукт» ЖШС заңгері Ғалымжан Елешов.

Алайда заңгер «жұмыс беруші еңбек шартын толық орындай ма?» деген сауалға жауап бере алмады. Ал жұмыс істеуден бас тартқан жүргізушілер мен жүк тасушылар компанияның заңсыздықтарын жіпке тізіп, еңбек инспекциясы мен прокуратураға шағым түсіреміз деп тарқасты.

Другие новости

Back to top button