Алматы

Алматыда асқазанынан пакет табылған қар барысы көз жұмды

 Мамандар Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағынан табылған әлсіреген қар барысының өмірін сақтап қала алған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Алматы қалалық зообақтың мәліметінше, 8 желтоқсан күні Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағынан әлсіреген қар барысы табылған.

Оның жағдайы мүшкіл болып, қатты азып, арықтаған. Өзіне жақындаған техниканың дауысына да мән бермеген.

Жануарды кездестірген саябақ қызметкерлері дабыл қағып, дереу мамандарға хабар берген.

Қар барысы кездескен аумаққа Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандары, Зоология институтының қызметкерлері, Алматы хайуанаттар бағының ветеринарлары арнайы барған.

Іздестіру сәтті аяқталып, барыс сағат 23:50-де табылды.

«Жануардың жағдайы өте ауыр екені белгілі болды. Сол жерде көмек көрсету мүмкін болмағандықтан, дәл диагноз қою үшін жануардың денесінен зерттеуге қажетті жағындылар (ПТР сынағы үшін) және қан сынамалары алынды. Мамандар әлсіреген жануарды Алматы зообағына жеткізу туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, жануардың жағдайы аса ауыр жағдайда болғандықтан, хайуанаттар бағына жеткізіген соң, барыс көз жұмды. Барысқа Іле Алату ұлттық паркі, Зоология институты және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі әріптестермен бірге патологиялық-анатомиялық сараптама жасалды. Қатты әлсіреп шаршаумен қоса, жануардың асқазанынан гельминттердің көптігі, полиэтилен пакеті табылды. Жасы ұлғайған барыстың тістері тозып, толық аң аулай алмай қалған. Жабайы табиғаттың, Алатаудың көркі болып жүрген барыс көз жұмды. Оны құтқару үшін қолдан келгенді жасауға тырыстық. Бірақ бәрі кеш болды», — делінеді зообақтың хабарламасында.

Алматы зообағы осы оқиғадан сабақ алып, қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.

«Табиғат аясына шыққанда адамдар айналаны ластап, қоқыс тастамауы керек. Әсіресе, түрлі тағамдардың иісі сіңген полиэтилен пакеттер жануарлар үшін өте қауіпті. Жануарларға қамқор болып, оларды құтқару – баршамыздың міндетіміз бен жауапкершілігіміз. Біз бірге ғана табиғатты сақтай аламыз», — деп хабарлады зообақ.

Другие новости

Back to top button