Алматы облысында сот орындаушы балалардың алиментін ұрлаған
Алматы облысында жеке сот орындаушысы бір жарым жыл бойы алимент жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Көрсетілген уақыт ішінде баланы асырауға сот орындаушысының арнайы шотына борышкердің жалақысынан 816 мың теңге аударылған.
Сот орындаушысы бұл ақшаны әрі қарай баланың анасының шотына аудармаған.
Бұл ретте, алимент аударушының адалдығына қарамастан, сот орындаушысы борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұруға дейінгі барлық шектеу шараларын қабылдады.
Сот орындаушысының жоғарыда аталған заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде әкесі жұмысынан және табыс көзінен, ал баласы өзіне тиесілі алименттерден айырылды.
Облыс прокуратурасы жолдаған материалдар бойынша полиция Департаменті сот орындаушысына қатысты ҚР ҚК 251-бабы (Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сондай-ақ, қабылданған шаралармен борышкердің жүргізуші куәлігі қалпына келтірілді және ол бұрынғы жұмысына қайта орналастырылды.