«Әйелдерін өлімші етіп сабағандар жазаланбаған»: Зәкиева Алматы облысында полицияның жұмыс істемейтінін айтты

Еңбекшіқазақ ауданында күйеулері ұрып-соғып, басы жарылып, миы шайқалған, мұрны сынған, ішкі ағзасы жарақаттанған, ауыр зардап шеккен әйелдердің ісін полиция «арыз жазбады» деген желеумен жауап тастап отырған. Зорлық-зомбылықтың сұмдық фактілерін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ауданда 3 ай ішінде күйеуінен таяқ жеп, өлім аузынан қалған әйелдердің тізімін қарадық. 61 іс тіркелген, оның ішінде 36 әйел ауыр зардап шеккеніне қарамастан олардың ісі жабылып қалған немесе жойылатын құжаттар тізіміне кеткен. Бұған жәбірленушілердің арыз жазбағаны себеп болыпты. Алайда заңға және Жоғарғы соттың қаулысына сәйкес, мұндай істер арыз жазбай-ақ қаралуы тиіс.
Зорлық-зомбылық көргендер бойынша жедел жәрдемнің тізіміне қарап отырып, 19 жастағы аяғы ауыр келіншектің басы жарылғанын, өзін-өзі өлтіруге оқталғанын көрдік. Тағы бірде 14 жастағы қызды әкесі сабап тастаған, бұл істерді жауып тастаған. Біздің тексеруімізден кейін ғана істі қайта қозғады», — дейді ол.
Динара Зәкиева қабылданған заң нормаларын әлеуметтік қорғау, білім беру және учаскелік полиция органдары аудан деңгейінде орындамай отырғанын айтты.