Бизнес

ҚХР капиталы AIX алаңында: неліктен Қазақстан ҚХР мен әлемдік нарықтар арасындағы жаңа инвестициялық көпірге айналып келеді?

Дәурен Жәңгір — AMarkets компаниясының талдаушысы

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының өсуі, тікелей инвестициялар көлемінің артуы және жаңа мемлекетаралық келісімдердің жасалуы Қытай капиталының Қазақстанның қор нарығына өздігінен келе бастағанын білдірмейді. Мұны тек нақты мәмілелер арқылы, яғни, биржаға қандай компаниялар шығып жатқаны, олардың қандай қаржы құралдарын пайдаланатыны және қанша көлемде қаражат тартатыны негізінде бағалауға болады.

Соңғы екі жылда дәл осындай мәмілелер AIX алаңында пайда бола бастады. Егер 2025 жылға дейін Қытаймен ынтымақтастық негізінен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталса, өткен жылдан бері алғашқы ірі орналастырулар жүзеге аса бастады. Бұл үрдіс Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды тек саяси немесе экономикалық әріптестік деңгейінде ғана емес, сонымен қатар қытайлық инвесторлар мен Қазақстан арасындағы қаржылық байланыстың қалыптасуы ретінде бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл үдерістің дамуына жалпы экономикалық ахуал да қолайлы жағдай жасап отыр. ҚХР Бас кеден басқармасының мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы $24,1 млрд-тан 2025 жылы $48,68 млрд-қа дейін өсті. Ал 2005 жылдан бері Қазақстанға салынған Қытай инвестициясының көлемі $26,4 млрд-қа жетті. Дегенмен, бұл көрсеткіштер қаржылық интеграцияға қажетті алғышарттардың қалыптасқанын көрсетеді.

Инфрақұрылымнан нақты мәмілелерге дейін

AIX 2017 жылы құрылды. Оның негізгі акционерлерінің бірі — сауда платформасын ұсынған Nasdaq, сонжжай-ақ Шанхай қор биржасы болды. Осылайша, Қытаймен институционалдық байланыс биржа құрылған сәттен бастап қалыптаса бастады. Алайда инфрақұрылымның құрылуы мен нақты мәмілелердің жүзеге аса бастауы арасында бірнеше жыл өтті.

Оқиғалар хронологиясына көз жүгіртсек, негізгі өзгерістердің 2025–2026 жылдары болғанын байқауға болады. Оған дейін қажетті инфрақұрылым қалыптасқанымен, ол қытайлық ірі мәмілелерді жүзеге асыру үшін іс жүзінде пайдаланылған жоқ.

Jiaxin — AIX нарығындағы алғашқы үлгілі мәміле

Ең көрнекі мысалдардың бірі — Қытайдың Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясының IPO-сы болды. Компания шамамен 10 жылдан бері Алматы облысындағы ресурстық қоры бойынша әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірі саналатын Бұғыты кен орнын игеріп келеді. 2025 жылдың тамызында Jiaxin өз акцияларын бір мезгілде AIX пен Гонконг қор биржасында (HKEX) орналастырды. Капиталдың негізгі бөлігі — шамамен $153,5 млн – Гонконгта шоғырланды, ал AIX алаңындағы орналастыру символдық сипатта болды: HKEX-тегі 126 млн акциямен салыстырғанда, AIX алаңында небәрі 1,5 млн акция орналастырылды. Соған қарамастан, мәміле инвесторлардың жоғары қызығушылығын тудырып, жалпы сұраныс $34 млрд-тан асты, артық жазылым деңгейі 220 еседен жоғары болды, ал сауданың алғашқы күнінде акция бағасы екі еседен астам өсті. Бір жылдан аз уақыт ішінде компанияның нарықтық капитализациясы шамамен 4,7 есеге өсіп, 22,78 млрд гонконг долларына (шамамен $2,9 млрд) жетті. AIX үшін бұл мәміленің маңызы тартылған капитал көлемінде емес, жаңа нарықтық тәжірибенің қалыптасуында болды. Jiaxin Қазақстан мен Қытай арасында кросс-листинг жүргізген алғашқы қытайлық компания атанды. Сонымен қатар, ол AIX-тегі «Бір белдеу – бір жол» сегментінің алғашқы эмитенті болып, қазақстандық биржаның халықаралық орналастыру инфрақұрылымының ажырамас бір бөлігіне айнала алатынын көрсетті.

Панда-бондтар – Қытай капиталын тартудың тағы бір арнасы

Егер Jiaxin IPO-сы қытайлық компаниялардың AIX инфрақұрылымын пайдалануға деген қызығушылығын көрсетсе, панда-бондтар қытайлық инвесторлардың капиталына қол жеткізудің дербес құралына айналды. 2026 жылдың көктемінде «Самұрық-Қазына» жылдық 2,18% мөлшерлемемен 3 млрд юань (шамамен $440 млн) болатын дебюттік панда-бондтарын орналастырды. Ал маусым айында Қазақстанның Қаржы министрлігі жылдық 1,9% мөлшерлемемен көлемі 3,4 млрд юань егеменді панда-бондтарын шығарды. Бұл Қазақстан рейтингі BBB болғанына қарамастан, AA рейтингіне ие эмитенттермен салыстыруға болатын мөлшерлеме болды.

Бұл екі мәміле капитал ағынының қос бағытын айқын көрсетті: бір жағынан қытайлық эмитенттерді тарту болса, екінші жағынан қазақстандық қарыз алушыларды юаньмен қаржыландыруға жол ашты.

AIX үшін қытайлық мәмілелердің маңызы қаншалықты жоғары?

Жуырғы уақытқа дейін қытайлық капиталдың AIX операцияларының көлеміне ықпалы іс жүзінде байқалмайтын. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша биржа арқылы $4,9 млрд тартылып, ол іске қосылған сәттен бастап тартылған жалпы капитал көлемі $11,9 млрд-қа жетті. Бұл құрылымда қытайлық мәмілелердің үлесі әлі де шағын болғанымен, Jiaxin компаниясының IPO-сы нарық үшін маңызды оқиғаға айналды. Ал 2026 жыл бетбұрыс кезеңі болды. Бірінші жартыжылдықта AIX арқылы $3,6 млрд тартылып, оның шамамен $915 млн-ы «Самұрық-Қазына» мен Қаржы министрлігінің панда-бондтарды шығару үлесіне тиді. Яғни, қытайлық капитал нарығымен байланысты мәмілелер осы кезеңде тартылған капиталдың шамамен төрттен бір бөлігін қамтамасыз етті. Биржаның өзінде де белсенділік артты: 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда көлемі $1,084 млрд-қа жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. AIX сауда мүшелерінің саны 69-ға дейін артты, қатысушылар арасында қытайлық брокерлер де бар. Әрине, бұл AIX-ке қытайлық капиталдың жаппай ағылуын білдірмейді. Дегенмен, алғаш рет Қытаймен байланысты мәмілелер биржа нәтижелеріне елеулі ықпал ететін факторға айналды.

Ұзақ мерзімді тренд қалыптасып келе ме?

Қытай капиталы AIX үшін тұрақты бағытқа айналды деп айтуға әзірге ерте. Бiр жағынан, 2025–2026 жылдардағы оқиғалар жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады. Қысқа уақыт ішінде Jiaxin IPO-сы өтті, панда-бондтардың екі шығарылымы жүзеге асыт, Шанхай қор биржасымен келісім жаңартылды және АХҚО мен South China Morning Post арасындағы меморандумға қол қойылды. Екінші жағынан, мұндай мәмілелердің шоғырлануы ұзақ мерзімді үрдістің қалыптасқанына әлі дәлел бола алмайды. Мәселен, 2020 жылғы Falcon облигацияларының листингі мен Jiaxin IPO-сы арасындағы 5 жылға жуық уақытта AIX-те ірі қытайлық орналастырулар іс жүзінде болған жоқ.

Соған қарамастан, қазіргі белсенділіктің сақталуына ықпал ететін бірнеше фактор бар. Біріншісі – панда-бондтар нарығының кеңеюі. 2026 жылдың бірінші жартысында Қытайдың ішкі борыш нарығында шетелдік эмитенттерді орналастыру көлемі шамамен 60%-ға өсіп, 160 млрд юаньнан асты. Қазақстан бұл жағдайда юаньмен қаржыландыруға қалыптасып үлгерген сұранысты сәтті пайдаланды.

Тағы бір фактор – Қазақстанда қытайлық компаниялардың нақты жобаларының болуы. Jiaxin тәжірибесі HKEX пен AIX арасындағы кросс-листингтің Қазақстанда активтері немесе бизнесі бар компаниялар үшін сұранысқа ие болуы мүмкін екенін көрсетті. Мұндай модельді болашақта басқа да қытайлық инвесторлар пайдалануы ықтимал.

Үшіншісі – инфрақұрылымның одан әрі дамуы. AIX пен Шанхай қор биржасының ынтымақтастығы, сондай-ақ АХҚО-ның халықаралық қаржы алаңдарымен байланыстарды нығайтуға бағытталған жұмысы сөз жекелеген мәмілелер туралы ғана емес, жаңа орналастыруларға тұрақты негіз қалыптастыру жөнінде болып отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар шектеулер де жоқ емес. Панда-бондтардың тартымдылығы көбіне юаньмен қарыз алудың ағымдағы құнымен байланысты. Егер долларлық және еуропалық нарықтардағы қаржыландыру шарттары қайтадан тиімді бола бастаса, шетелдік қарыз алушылардың Қытай борыш нарығына деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Бұған қоса, Jiaxin әзірге AIX-те кросс-листинг жасаған жалғыз қытайлық компания болып отыр. Егер алдағы 1-2 жылда мұндай жаңа орналастырулар жүзеге аспаса, қытайлық эмитенттерді тартудың тұрақты арнасы қалыптасты деуге әлі ерте.

Алдағы екі жылда не күтуге болады?

Алдағы 2 жылда AIX Қытай капиталын тартудың тиімділігі дәлелденген тетіктерін дамытуға басымдық береді деп күтіледі. Олардың қатарында панда-бондтарды шығару және Қазақстанда активтері бар қытайлық компаниялардың кросс-листингі бар.

«Самұрық-Қазына» мен Қаржы министрлігінің табысты шығарылымдарынан кейін басқа да ұлттық компаниялар мен ірі қаржы ұйымдары Қытай нарығын қосымша қаржыландыру көзі ретінде қарастыруы ықтимал. Мұндай мәмілелердің дамуына 2026 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін South China Morning Post конференциясы да серпін беруі мүмкін. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Қазақстанның тау-кен өндіру саласында жұмыс істеп жүрген қытайлық компаниялардың AIX алаңына шығуына негіз бар. Себебі бұл секторда ұзақ мерзімді жобалар жүзеге асырылып келеді және екі ел арасындағы экономикалық байланыс жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Jiaxin тәжірибесі бірнеше капитал нарығына бір мезгілде шығуды көздейтін компаниялар үшін бағдар бола алады.

Ал Қазақстанда қолданыстағы жобалары жоқ қытайлық технологиялық және өнеркәсіптік компаниялардың AIX-ке жаппай шығуы әзірге екіталай. Өйткені қытайлық эмитенттердің халықаралық капитал тарту мақсатында ғана AIX-ті таңдаған ірі мысалдары әлі қалыптасқан жоқ.

Сондықтан трендтің орныққанын айқындайтын негізгі көрсеткіш — бүгінге дейін жүзеге асқан мәмілелердің саны емес, 2026 жылдан кейін жаңа жобалардың жалғасуы. Егер нарықта жаңа панда-бондтар шығарылып, Jiaxin үлгісіндегі жаңа кросс-листингтер көбейсе, онда Қытай капиталы мен AIX арасында толыққанды қаржылық арна қалыптасып келеді деуге негіз болады. Ал егер мұндай ірі орналастырулар жалғасын таппаса, қазіргі белсенділік жекелеген табысты жобалар тізбегі ретінде бағалануы мүмкін.

Другие новости

Back to top button