Туркестанская область

Кентауда ер адам көшеде жанжалдасып қалған бейтаныс кісіні өлтіріп кеткен

Бүгінгі таңда тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр

Кентауда келіспеушіліктен болған кісі өліміне қатысты қылмыстың беті ашылды, деп хабарлайды  Polisia.kz.

Кентау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне кешкі сағат 21:00 шамасында құрылысы аяқталмаған ғимараттың бірінің аумағында зорлық белгілері бар ер адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.

«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы бірден шықты. Нәтижесінде жәбірленушінің жеке басы анықталып, ол Кентау қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Бұл деректі полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша тіркеді”, — делінген хабарламада.

Аталған ауыр қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Кентау қаласының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

Полицейлер күдіктіні ұстауға бағытталған шұғыл шаралар кешенін жүзеге асырды. Соның ішінде аулаларды аралап, ықтимал куәлардан жауап алды. Қылмыс орнын, жәбірленушінің қозғалу бағытын және жақын маңдағы көшелерге орнатылған бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты. Сондай-ақ барлық полиция бөлімшелеріне күдіктінің белгілері бар бағдар жолдады.

«Жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері бір тәуліктен кейін күдіктіні Алматы қаласынан ұстады. Ол бұрын тонау үшін сотталған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді», — делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, яғни алдын ала болжам бойынша екі ер адам дүкен есігінен кірер сәтте иық тіресіп, артынан сол үшін сөзге келіп қалған.

«Жәбірленуші оқиға орнынан шығып кетіп, бірер минуттардан соң аталған дүкенге Rаnge Rover көлігімен қайта келіп, күдіктімен дауды шешпек болады. Одан әрі жанжал Кентау қаласына кіреберіс маңындағы аяқталмаған нысан аумағында жалғасқан. Онда екі ер адам төбелесіп, соңында күдікті жәбірленушіні пышақтап, қылмыс орнынан қашып кеткен», — делінген хабарамада.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлел ретінде пышақ алынды. Күдікті қамауда. Бүгінгі таңда тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.
адам өлімі қылмыстық іс Кентау

 

Другие новости

Back to top button