Госорганы

Келесі жылы 1 миллионға жуық ауыл халқы алғашқы медициналық көмекке қол жеткізеді

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жоспарланған 655 медициналық нысанның 467-сі толығымен аяқталды, қалған 188 нысан осы жылдың соңына дейін салынып бітпек. Осылайша 655 нысанның барлығы іске қосылған кезде 1 млн-ға жуық ауыл тұрғыны қолжетімді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен қамтылады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық пилоттық жоба 2023 жылы басталған болатын. Министрдің айтуынша, жоба аясында 3 міндетті орындау мақсаты қойылды. Соның бірі – ауылдық елді мекендерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының жаңа 655 нысанын салу. Оның ішінде 260 медициналық пункт, 235 ФАП, 160 дәрігерлік амбулатория бар.

«Бүгінде 467 нысанның құрылысы толық аяқталды. Айта кетері, 175 нысан бұрын медициналық ғимараттар болмаған ауылдарда, ал 292 нысан ескірген және бейімделген үй-жайлардың орнына салынды. Осылайша, 80 мыңнан астам азамат қосымша медициналық көмекке қол жеткізді. Бұл шаралар ауыл тұрғындары үшін қосымша 456 күндізгі стационар төсек-орын орналастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін 174 медицина қызметкері (42 дәрігер, 132 орта буын қызметкері) дайындалып, елді мекендерде қызмет көрсетуге жіберілді», — деді Әлназарова Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, қалған 188 медициналық нысанның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл нысандарды жобалау кезінде эталондық жобаларды қайта қолданғанның арқасында 2 млрд теңге, ал құрылыс жұмыстары кезінде 14,5 млрд теңге шамасында бюджет қаражаты үнемделген. Бұған қоса осы нысандардың құрылысы кезінде қолданылған заттардың 71%-ы отандық өндірушілерге тиесілі.

«Нысандарды пайдалануға беру кезінде қосымша 143 медицина қызметкерін жаңа жұмыс орындарына жіберу жоспарлануда. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері қазірден бастап ауылға жаңадан келетін мамандарды тарту және оларды ұстап қалу бойынша тиісті жұмыстарды бастауы қажет. Бірінші міндет жоспарға сәйкес осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Барлық 655 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде шамамен 1 млн-ға жуық ауыл тұрғыны қолжетімді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен қамтылады деп күтілуде», — дейді министр.

Другие новости

Back to top button