Тоқаев Алматы облысындағы Қонаев пен Алатау қалаларын дамытуға қатысты тапсырма берді

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкім президентке 2025 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы есеп берген.
«Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 507,9 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 97,4 млрд теңгені құраған. ШОБ субъектілерінің саны 146,2 мыңға жетіп, 7,7 пайызға артқан», — деп есеп берді әкім.
Ақорда жазғандай, облыста жыл басынан бері 12 жаңа өнеркәсіп жобасы іске қосылған.
«Оның ішінде «GALANZ bottlers» өндіріс алаңының кеңеюі, «Бартоғай ГЭС-28» және Шарын өзеніндегі шағын ГЭС каскадының құрылыстары сияқты ауқымды жобалар бар. Құны 2,4 трлн теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 36 776 жұмыс орны ашылады», — деп хабарлаған әкім.
Қонаев және Алатау қалаларының дамуы туралы айта келе әкім «Smart Qonaev» қаланы басқарудың бірыңғай жүйесі еніп жатқанын мәлімдеген. Алатау қаласының бас жоспарына түзетулер жасау және көлік-инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 білім ордасының құрылысы қолға алынған. Үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде 19 мектеп салу жоспарланған. 2025-2027 жылдары 91 оқу ошағы күрделі жөндеуден өтті», — деп хабарлайды әкім.
Ақорданың жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға қатысты барлық белгіленген мақсаттарды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызын атап өткен.
«Президент индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысын іске асыруға баса мән беруді тапсырды», — деп хабарлайды Ақорда.