Теңге қайта нығая бастады

Бейсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша USD/KZT жұбының бағамы 498,47 теңгеге дейін төмендеп, 3,09 теңгеге арзандады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, теңге наурыз айының соңғы жұмыс күндерінде бұрынғы жоғалтқан позицияларын біртіндеп қалпына келтіріп келеді.
Бейсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша USD/KZT бағамы 498,47 теңгеге дейін төмендеп (-3,09 теңге), ұлттық валюта белгілі бір қолдауға ие болды. Бұған Ұлттық Банктің түрлі операциялары аясында шетел валютасын тұрақты түрде сатуы, теңгелік өтімділікті жоғары деңгейде ұстап тұруы (~8,1 трлн теңге), сондай-ақ өңірдегі геосаяси жағдайдың жақсаратыны туралы күтілімдер әсер етуде.
Бүгін негізгі назар төлем балансы, сыртқы қарыз, халықаралық резервтер және халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табыстары туралы деректерге аударылып отыр», – делінген қауымдастықтың хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін ұлттық валютаның динамикасы Ұлттық Банктің шетел валютасын тұрақты сатуы, қор басқарушы компаниялары мен экспорттаушылар тарапынан валюта ұсынысының артуы, сондай-ақ оған деген бір реттік сұраныстың төмендеуімен байланысты болуы мүмкін екені айтылған еді.