Айыпталушылардың ішінде балалар да бар: Түркістан облысында мүгедектігі бар жігітті бірнеше жыл зорлаған күдіктілер бостандықта жүр

Түркістан облысында 24 жастағы ерекше қажеттілігі бар жігітті ауылдағы бір топ адам зорлады деген ақпарат тарады. Қазір полиция 6 адамнан күдіктеніп, жауап алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Келес ауданында жантүршігерлік оқиға болды. Ерекше қажеттілігі бар жігіт анасына ауыра бастағанын және не үшін екенін айтып берген. Сол кезде ғана ана баласының зорлық құрбаны болғанын біліпті. Айтуынша, олар оны ұзақ жылдар қорлап келген. Сол қорлағандардың арасында туысы да бар дейді.
Соңғы дерек ақпанда болған. Жігітті өлтіреміз деп қорқытқандықтан ол үндемей келіпті. Жәбірленушінің мүгедектігі бар және психомоторлы дамуы тежелген.
“Ауылымыз шағын, бар болғаны 100-ге жуық аула. Осының барлығын күйеуімнің үш туысы жасады. Үшеуі – бір үйдің адамдары. Зорлаушылардың тағы бірі менің баламнан 10 жас кіші. Кезек-кезек зорлады. Менің қатты көңілім қалды, мұны үлкендер де, балалар да жасады! Олар менің баламның әлсіздігін, оны қорғайтын ешкімнің жоғын, әкесінің жоғын пайдаланып келген”, – деді жігіттің анасы.
Полиция бұл іске қатысты тергеу басталғанын растады. Бірақ зорлық жасады деген күдікке ілінген ауыл тұрғындары әлі бостандықта жүр, ешкім қамауға алынбаған. Енді бәрі сараптама нәтижесіне байланысты.
“Бұл факті полиция бөлімінде тіркеліп, барлық мән-жайды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер 6 жергілікті тұрғынды жеткізіп, жауап алды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады. Іс Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі жігітті ауылдастары 14 жыл бойы зорлап келгені айтылды.