Алматинская область

Алматы облысында Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш ашылды

Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст салтанатты түрде ашылды.

Облыс әкімдігі ескерткіш мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ашылғанын атап өтті.

Ескерткіштің ашылу рәсімі Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылған. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің туыстары қатысты. Ескерткіш-бюсті Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов ашты.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов қайраткердің ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның еңбегі ұлт тарихында мәңгі сақталатынын айтты.

«Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ, биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз», — деді ол.

Салтанатты рәсімнен кейін қатысушыларға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылған.

Сонымен қатар, Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілген.

2015 жылы құрылған Кеген ауылындағы балалар өнер мектебі балаларға домбыра, қобыз, баян, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, хореография, бейнелеу, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша білім береді. Бүгінгі таңда мектепте 44 педагогтың басшылығымен 890 оқушы білім алып жатыр, деп мәлімдеді облыс әкімдігі.

Другие новости

Back to top button