ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА 390 ОРЫНДЫҚ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРДІ
Түркістан облысында жекеменшік мектептердің де саны артып келеді. Солардың бірі – Сарыағаш ауданы, Жемісті ауылдық округіндегі заманауи үлгіде бой көтерген Күмісай Тасболатова атындағы жекеменшік зияткерлік мектебі. Аудан әкімі М.Отаршиев білім ұясының жай-күйімен танысты. 390 орындық жаңа мектепте қазақ — орыс сыныптарына 1-9 сынып оқушылары қабылданады. Мектепте математика және ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылып, тілді дамыту үшін практикалық сабақтарды өтуге шетел азаматтары тартылатын болады.
– Ауданымызда жыл санап жекеменшік зияткерлік мектептер саны артуда. Бүгінгі таңда ауданда 2 негізгі орта және 8 бастауыш жекеменшік мектептері жұмыс атқарып жатыр. Бұл – өз кезегінде мектептердегі білім сапасының артуының кепілі, – деді жаңа білім ұясында болған аудан басшысы.
Айта кетсек, мектепте логикалық ойлау қабілетін арттыратын пәндік, түрлі спорттық (шахмат, теннис, таэквондо, күрес) және өнер (домбыра, би, вокал) үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар мектепте білім алушылар екі мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі және оқушылардың күні бойы мектепте сабақ оқуына, үй тапсырмаларын орындауына және үйірмелерге қатысуына жағдай жасалған.