Қарағанды облысында БелАЗ бес адам мінген көлікті мыжып кетті
Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты
Қарағанды облысында «Молодежный» разрезінде БелАЗ ауыр көлігі ішінде бес адамы бар «УАЗ» автокөлігін басып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайғылы оқиға 28 тамыз күні «Молодежный» разрезінде болған.
«БелАЗ» автокөлігінің жүргізушісі бұрылған кезде сол жақ бөлігімен ішінде кеніштің қызметкерлері болған «УАЗ» көлігіне соқтығысқан.
Ауыр жүк машинасы жеңіл көлікті ішіндегі адамдарымен қоса езіп өткен.
«Соқтығысудың салдарынан «УАЗ» автокөлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, осы көліктің тағы үш жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 156 — бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді», — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оқиғаның себебін анықтау үшін тергеу шаралары жүріп жатыр.